
Осындай аса қауіпті жануарлар індеттеріне қарсы күрес шараларын жүргізу мақсатында 1905 жылы 14 қаңтарда Орынбор губерниялық ветеринариялық-бактериологиялық зертханасының негізі қаланды. 1919 жылы ол орталық ветеринариялық-бактериологиялық зертхана болып қайта құрылып, 1923 жылы Қазақ облыстық ветеринариялық-бактериологиялық зертханасы болып өзгертілді. Ал 1925 жылы сәуірде Қазақ облыстық ветеринариялық-бактериологиялық институты болып қайта құрылып, сол жылдың екінші жартысында Қазақ АКСР-інің астанасы Қызылорда қаласына көшірілді.
1928 жылы астананы Алматыға көшіргенде Өлкелік ветеринариялық-бактериологиялық институты атанған ғылым мекеме Пушкин көшесіндегі (бұрынғы Лушников сауда үйі) ғимаратына орналасты. Ал 1935 жылы институт Ташкент көшесі (қазіргі Райымбек даңғылы) бойындағы жаңа салынған ғимаратқа көшті. 1940 жылы 19 қаңтарда институт «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты» (ҚазҒЗВИ) болып өзгертілді.
Елімізде ветеринария ғылымының жаңа саласы – гельминтология дүниеге келгенін айта кеткен жөн. Оның негізін салушы академик К.И.Скрябин 1905–1911 жылдар аралығында Шымкент және Әулиеата (қазіргі Тараз) қалаларында жұмыс істеді. Әлемге әйгілі көрнекті кеңес ғалымы жұмыс істеген үйде 1961 жылы КСРО үкіметінің шешімімен академик К.И.Скрябин мұражайы ашылып, қазірге дейін жұмыс істейді.
Институт еліміздегі мал шаруашылығының ветеринарлық әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша ғылыми жұмысты жүзеге асырды. Институтта өндірістік, сынақ, бактериялық, вирустық қоздырғыштармен және гельминттермен, патогендердің II-IV тобымен жұмыстар жүргізуге режімдік комиссияның рұқсаты, прекурсорлар және улармен жұмыс істеуге байланысты қызметке мемлекеттік лицензиялар және институттың кәсіби құзыреттілігін растайтын басқа да құжаттар бар. 2002 жылдан 2007 жылға дейін институт патогендердің II-IV тобына жататын қоздырғыш микроорганизмдер коллекциясының Республикалық депозитарийі қызметін атқарды. Сондай-ақ елдің ветеринария ғылымы мен практикасы тарихында алғаш рет аусыл, бруцеллез, лейкоз ауруларын бақылаудың ұлттық бағдарламаларын, ауыл шаруашылығы жануарларының жұқпалы ауруларын диагностикалау мен алдын алудың жаңа тәсілдерін, ветеринариялық тәжірибеде қолданатын стратегиялар (құтырумен күресу, аусылдың, шошқалардың африкалық обасының алдын алу, эхинококкозды жою шаралары, ұсақ күйіс қайыратын жануарлардың обасы бойынша эпизоотиялық жағдайды бақылау стратегиясы, нодулярлық дерматитпен күресу, т.б) әзірледі.
2016–2017 жылдар кезеңінде алғаш рет институт қызметкерлерінің мемлекеттік жергілікті атқарушы органдарымен бірлесе отырып, бұрын анықталмаған топалаңнан өлген жануарлар көмілген жерлерді зерттеу жұмыс нәтижелері бойынша «Қазақстан Республикасының аумағындағы топалаңның топырақ ошақтарының кадастры» құрастырылды. Кадастрға өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап қазіргі уақытқа дейінгі топалаңнан өлген жануарлар көмілген жерлер туралы ақпараттар енді. Институт осы уақытқа дейін 839 қорғау құжатын (өнертапқыштарға патенттер, пайдалы модельдерге патенттер, ғылым туындыларына куәліктер) алды. Республика тәуелсіздігі кезеңінде 60-тан аса ғылыми жарияланым жиынтығы, 50 монография, 400-ден аса ұсыным, әдістемелік нұсқау мен стандарт жариялады, 70 докторлық, 380 кандидаттық диссертация қорғалды.
Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінің, біраз уақыт Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болды. 2021 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық биологиялық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру міндетін қойды. Осы мақсатта ел Үкіметінің 2021 жылғы 20 желтоқсандағы №910 қаулысына сәйкес «QazBioPharm» ұлттық холдингі» акционерлік қоғамы құрылды. Үкімет қаулысына сәйкес «Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты «QazBioPharm» ұлттық холдингі» АҚ-ның құрамында Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілді.
Жаңа құрылымның алғашқы бас директоры болып биология ғылымдарының докторы, профессор Күнсұлу Закарья тағайындалды. Оның басшылығымен отандық ғалымдар COVID-19 індетіне қарсы «QazVac» вакцинасын әзірлеп, клиникалық сынақтың барлық кезеңін сәтті өткізді. Бұл вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында жасалып, тиімділігі мен қауіпсіздігі халықаралық деңгейде дәлелденді. Вакцинаның тиімділігі «The Lancet» тобына кіретін «EClinicalMedicine» ғылыми журналында жарияланып, қазақстандық ғылым үшін халықаралық деңгейдегі маңызды жетістікке айналды. 2023 жылдың 24 сәуірінде холдингтің бас директоры қызметіне ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Е.Абдураимов тағайындалды. Қазіргі уақытта «QazBioPharm» ұлттық холдингі құрамына биофармацевтика және биотехнология салаларында жұмыс істейтін ғылыми және өндірістік сегіз еншілес ұйым кіреді. Бұл ұйымдар ғылыми зерттеуден бастап, биопрепараттарды өндіру мен халыққа жеткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтамасыз етеді.
Қазіргі уақытта институт бірлесіп орындаушы ретінде Ауыл шаруашылығы және Білім және ғылым министрліктерінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруымен 6 ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Институттың құрылымдық бөлімшелері мен өңірлердегі 6 ветеринарлық стансасында 180 адам еңбек етеді, оның 90-ы ғылыми қызметкер (9 ғылым докторы, 29 ғылым кандидаты, 9 PhD, 42 магистр).
Институт қызметкерлерінің аса қауіпті аурулардың пайда болу қаупін бағалау, инфекция ошақтарында жаңадан бөлінген қоздырғыштардың түрлерін сәйкестендіру, өндіріске қажетті штаммды жинау мен іріктеу, жергілікті, иммунологиялық белсенді штаммдарды пайдалана отырып, бактерияға және вирусқа қарсы препараттарды жасау бойынша үлкен жұмыс тәжірибесі бар.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары стратегиясында белгіленген отандық өнімді өндіру көлемін 50 пайызға жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында, 2023 жылы институт ғалымдары әзірлеген 10-нан аса ветеринариялық препараттың өнеркәсіптік өндірісі ұйымдастырылды. Жануарлардың індеттік ауруларының алдын алу және диагностикасына арналған дәрі-дәрмектерді өндіру көлемі артты. Мәселен, 2022 жылы 94 517 097 теңгеге дәрі-дәрмек сатылса, 2023 жылы институт дайындаған әзірлемелер сатылым сомасы 1 634 520 000 теңгеге, 2024 жылы 893 675 135 теңгеге жетті. Бұл өндірілген препараттар елдегі эпизоотиялық жағдайды бақылауда ұстауға және қазақстандықтарды мал шаруашылығының сапалы өнімімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кәсіби қызметті атқару мақсатында қажетті сертификаттар жаңартылды. 2023 жылы институтта Оқу және білім орталығы құрылып, 2024 жылы «Орталық Азия білім беруді аккредиттеу қауымдастығы» (CAAAE) берген халықаралық институционалдық аккредиттеу сертификатын алды. Ветеринария ғылымының тарихында алғаш рет институт «Ұлттық ветеринариялық зерттеу институтымен» (ПИВЕТ) (Польша, Пулавы қ.) және АРНА (Ұлыбритания, Вейбридж қ.) өңірлік референс-зертхана мәртебесін алуға өтінім беру мақсатында Орталық Азия елдерінде ірі қараның энзоотиялық лейкозы бойынша твининг жобасын орындады.
2023–2024 жылдары жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы, вирусология зертханасы мамандарының кәсіби даярлығының жоғары деңгейі, зертхананың жақсы жарақтандырылуы, ҚазҒЗВИ сапа менеджментінің жолға қойылған жүйесін атап өтіп және жобаның сәтті аяқталғаны туралы ХЭБ сертификатын тапсырды. Өткен жылы ҚазҒЗВИ өнімдері Париж қаласында өткен халықаралық ауыл шаруашылығы «Salon International de l'Agriculture» (SIA-2024) көрмесіне қойылды.
Бүгінгі таңда институтта бақылаушы ұйымдармен расталған клиникалық емес зерттеулерді (ветеринариялық препараттың, косметикалық өнімнің және жемшөп қоспасының уыттылығын зерттеу) жүргізу кезінде сынақ орталығының Тиісті зертханалық тәжірибе (GLP) қағидаттарына сәйкестігіне мониторинг жүргізіп жатыр. Институт келешекте еліміздің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми зерттеулерді тұрақты негізде орындауды және болашақта шетелде өндірілген биологиялық өнімдерді өз әзірлемелерімен импорт алмастыруға арналған ғылыми жобаларды жүргізуді жоспарлап отыр.
Мархабат ҚАСЕНОВ,
Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты