
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Кеңестің басты мақсаты – білім беру саласындағы интеграция мен орнықты әріптестікті нығайту, аймақтық және халықаралық деңгейде білім беру сапасын арттыруға бағытталған ортақ бастамаларды талқылау болды.
Ғани Бейсембаев өз сөзінде аймақ елдері арасындағы ынтымақтастықты арттырудың маңыздылығын атап өтіп, әсіресе техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестік бағыттарына басымдық берді.
«Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістер жүзеге асуда. Интернационалдандыру аясында әлемнің жетекші колледждері мен өндірістік кәсіпорындарымен серіктестік орнатылып, бизнес қауымдастықпен ынтымақтастық кеңеюде, педагогтер мен студенттер үшін академиялық ұтқырлық жетілдірілуде. Қазақстан ынтымақтастыққа ашық және жаһандық еңбек нарығында сұранысқа ие кадрларды даярлауға бағытталған ортақ тәсілдерді әзірлеуді қолдайды», деді министр.
Кеңес қорытындысында қатысушы елдер Білім министрлерінің кеңесі механизмінің Жарғысын және «Үрімші декларациясын» қабылдады. Бұл құжаттар мемлекеттер арасындағы білім саласындағы ұзақ мерзімді әріптестіктің құқықтық және институционалдық негізін қалыптастырады. Сонымен қатар, жоғары білікті мамандар даярлауға қатысты басым бағыттарды бекітеді.
Айта кетейік, келесі министрлер кеңесі Қазақстанда өтеді. Ротация тәртібіне сәйкес, Орталық Азия елдері мен Қытайдың Білім министрлерінің екінші кеңесін өткізу құқығы мен төрағалық біздің елге берілді.