
Елімізде тренингтер, шеберлік сыныптары мен семинарлардың сапасына көңілі толмайтын азаматтар саны ұлғайып келеді. Жұрт таудай уәдеге сеніп, түймедей нәтижемен қалады. Оқуға үлкен қаражат салу үшін кейде несие алады. Бірақ мардымды сабақ та ала алмай, жұмсалған ақшаны да қайтара алмай сан соғып жатқаны. Тұрғындар негізінен онлайн және офлайн курстардың сапасына, дайындықтың төмендігіне, оқу ақысын қайтарудан бас тарту, оқытушыларда лицензияның болмауы сияқты келеңсіздіктерге наразы. Шағымдар білім беру саласындағы уәкілетті органдарға жіберілген. Қазіргі күні Тұтынушылар одағына түскен әрбір бесінші өтініш білім беру қызметтеріне қатысты болып отыр. Адамдар көбіне осындай мекемелердің уәдесі ісіне сай келмейтін жағдайға тап болады. Негізінен тренингтер мен семинарлар өтпес бұрын алдын ала келісімшарт жасалмайды, ал төлем аударым арқылы жүзеге асырылады, бұл құқықтарды қорғауды қиындатады.
«Мұндай білім беруде нақты стандарттар жоқ, жаттықтырушының немесе оқытушының біліктілігін растайтын, өзін-өзі реттейтін ұйым жоқ. Жай ғана ынталандыру семинарларына адамдар қыруар ақша төлейді», дейді Еуразиялық тұтынушылар одағының басқарма төрағасы Светлана Романовская.
Осыған байланысты мамандар әрдайым келісімшарт жасасуға, оқу ақысын ресми түрде, растау арқылы төлеуге, сондай-ақ тренингке қатысқанын дәлелдейтін процесті тіркеуге кеңес береді. Егер құқықтар бұзылса, алдымен сатушыға сотқа дейінгі шағым жіберу, содан кейін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктерге хабарлау, дау реттелмеген жағдайда сотқа жүгіну қажет.