Қоғам • 13 Мамыр, 2025

Биыл 15 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасқан

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың еңбекке араласуын қолдау бойынша кешенді шаралар жүргізіліп келеді. 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің әртүрлі шараларымен 14,9 мыңнан астам мүгедектігі бар адам қамтылған. Жалпы бүгінгі таңда ерекше қажеттіліктері бар 108,9 мың адам жұмысқа орналасқан, бұл барлық мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 28,9%-ын құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 15 мыңға жуық мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасқан

Фото: Ашық дереккөз

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде мүгедектігі бар азаматтардың жалпы саны 737,4 мың адамға жетіп отыр, бұл Қазақстан халқының 3,7%-ы. Олардың ішінде 376,7 мыңы – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар.

«ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмай, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4% - на дейінгі мөлшерде жұмыс орындарына квота белгілейді. Осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысымен квота бойынша 4,8 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына да тартылып келеді. 2025 жылғы 1 мамырға дейінгі мәліметтер бойынша:

  • 874 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды;
  • 191 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына;
  • 80 адам – жастар практикасына;
  • 3248 адам – қоғамдық жұмыстарға;
  • 4 адам – «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша;
  • 333 адам – «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа қабылданды.

Айта кетейік, еңбек дағдыларын дамыту бағытында да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 17 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтсе, 1,3 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды, олардың 726-сы оқуды аяқтап, арнайы сертификаттар алған.

Мемлекеттік қолдау тетіктері аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға өз кәсібін ашуға 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бұл бастама олардың жеке кәсібін дамытуға үлкен серпін береді.

Бұдан бөлек, 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тәртібі енгізілген. Бұл субсидиялар жұмыс берушілерге арнайы құрал-жабдықтарды сатып алуға, орнатуға және бейімдеуге кеткен шығындарды өтеу үшін беріледі. Нәтижесінде бүгінгі күнге дейін барлығы 226 арнайы жұмыс орны құрылды.