Үкімет • Бүгін, 09:07

Күн тәртібі бекітілді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтіп, депутаттар 15 мамырда болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.

Күн тәртібі бекітілді

Соған сәйкес сенаторлар алдағы бейсенбіде «Аквашаруашылық туралы» заңды қарайды. Бұл құжат жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және жаңаларын құру арқылы аквашаруашылықты тұрақты дамытуға арналған. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті аква­шаруашылық нысандарының көле­мін ұлғайту, олардың адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған орта үшін қауіпсіздігін арттыру көзделіп отыр.

Сонымен қатар аталған заңға ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнама­лық актілеріне аквашаруашылық, агроөнеркәсіптік кешен, электр энергетикасы және жекелеген орталық мемлекеттік органдар­дың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысы­ның күн тәртібіне шығарылды. Құжат нормаларына сәйкес Жер, Орман, Кәсіпкерлік және Эколо­гиялық кодекстерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бір­қатар заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Бұған қоса, депутаттар коми­теттердің осы аптадағы отырыс­тарында қозғалатын тақы­рыптарды пысықтады. Соның аясында сот әкімшілігінің қызметі, құқық қорғау және сот қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізу, өндірістік нысандарда өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік-жекешелік серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.