Үкімет • Бүгін, 09:00

Экономикаға серпін берер жобалар

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов химия және металлургия салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құруға бағытталған ірі өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, экспортқа бағдарланған өндірісті қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Экономикаға серпін берер жобалар

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бүгінде жалпы инвестиция көлемі шамамен 10 млрд доллар және 8,7 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашатын 5 ірі бастаманың жүзеге асырылып жатқанын баяндады.

Абай облысында қуаттылы­ғы 300 мың тонна катодты мыс балқыту зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестицияның жалпы көлемі 1,5 млрд долларға жетеді. Зауыт жұмыс істеп тұрған Бозшакөл, Ақтоғай және Шығыс­түстімет кен орындарынан концентраттарды өңдеуге арналған. Бір мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінде жоба Бірыңғай индуст­рия­лан­дыру картасына енгізіліп, инфра­құрылымға қосылу бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Қарағанды облысында «Qarmet» АҚ өндіріс көлемін арттыра отырып машина және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін өнімнің жаңа түрлерін шығару арқылы ауқымды жаңғырту бағдарламасын іске асыруда. Инвестиция көлемі 3,5 млрд долларды құрайды. 2028 жылға дейін жыл сайын 9 млн тоннаға дейін көмір өндіруді, 5 млн тоннаға дейін темір кені концентраты мен болат өндіруді қам­тамасыз ету жоспарлануда. Екі мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған дейін жүргізілген жұ­мыс­тардың нәти­жесінде 2024 жылы өндірістік қызмет толық қалпына келтірілді, жаб­дықтар­ды күрделі жөндеу аяқталды, сегіз шахтаның 7-еуінде көмір өндіру жұ­мыстары жүргізілуде, бұл өндіру көле­мін 7%-ға арттыруға мүмкіндік берді.

Қостанай облысында «ССКӨБ» АҚ базасында қуаты жылына 2 млн тонна, құрамында 90%-дан астам темір бар ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт салу жоспарлануда. Кәсіпорын металлургияда экологиялық таза технологияларды енгізу үшін тірек нысанына айналады. Қазіргі таңда халықара­лық қаржы институттарының қатысуы­мен газ жеткізу, инфрақұрылымға қосылу және қаржыландыру көздері мә­селелері пысықталуда. Инвести­ция­лар­­дың жалпы көлемі  1,2 млрд долларды құ­­рай­ды. Жобаны жүзеге асыру нәти­жесінде бір мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Батыс Қазақстан облысында «Сатимола» кен орны базасында калий хлоридін шығару бойынша байыту-өндірістік кешен салу жобасы іске асырылуда.

Кәсіпорын қуатын жылына калий хлоридін 12 млн тоннаға дейін біртіндеп арттыра отырып, төрт кезең бойынша іске қосылады деп жоспарланған. Қазірде бұрғы­лау жұмыстары жүргізіліп жатыр, жер телімдері алынды, тау жыныстарын мұздату үдерістері іске қосылды, сырт­қы инфрақұрылым қалыптасуда. Жо­баның жалпы құны 2,4 млрд доллардан асады.

Сондай-ақ Премьер-министрге Маңғыстау облысындағы «KazAzot Prime» ЖШС аммиак-карба­мид кешенінің құрылысы туралы баян­далды. Жоба ішкі нарық­тың минерал­ды тыңайтқыштарға деген сұра­ны­сын қамтамасыз етеді. Іске асыру нәти­жесінде 700 жұмыс орны ашылады. Іске қосу 2029 жылы күтілуде. Инвес­тиция көлемі шамамен 1,5 млрд доллар.

Кеңес барысында заманауи өнер­кәсіптік кластерлерді қалып­тас­тыруға кешенді көзқарастың қажеттілігі атап өтілді.

«Осы секторлардағы жаңа жобалар қосылған құны жоғары өнім шығаруға, заманауи технология­ларды енгізуге және бәсекеге қабі­летті кластерлерді қалыптас­тыру­ға бағытталған индустриялық өсудің берік тұғырына айналуға тиіс. Олардың айналасында шағын және орта бизнес кәсіп­орындары, сервистік компаниялар, логистикалық орталықтар және заманауи инфрақұрылым бел­сенді түрде дамуы керек. Біз мыңдаған жаңа жұмыс орнын құруға, барлық өңірдің экономикасын жандандыруға мүмкіндік беретін қуатты мультипликативтік әсерге сенеміз», деді О.Бектенов.