Күрес • 13 Мамыр, 2025

Әлем мықтыларымен бірге жаттықты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Талай байрақты бәсекеде ел намысын абыроймен қорғаған Нұржан Асанның алар асулары алда екені анық. Бразилияның Кашиас-ду-Сул шаһарында өткен жазғы Сурдлимпиялық ойындарда 77 килограмм сал­мақ дәрежесінде топқа тү­сіп, қола жүлде иеленген жам­был­дық грек-рим күресі­нің шебері бола­шақта тың биіктерді бағын­дыруды мақсат етіп отыр.

Әлем мықтыларымен бірге жаттықты

Жаттығу барысында жанкешті­лікпен тер төгетін саңлақ таяуда АҚШ асып, жаһанның кіл мықты спорт­шыларымен бірге оқу-жат­тығу жиынын өткізді. Колорадо шта­тындағы Денвер қаласында орна­ласқан Олимпиадалық базада ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиы­нында классикалық күрес ше­бер­лерімен тәжірибе алмасқан оғлан халықаралық оқу-жаттығу жиыны­ның пайдасы зор болғанына сенімді.

«Үш аптаға созылған жиын барысында екі кезеңде шама-шарқымызды байқап көрдік. Мұнда төрткүл дү­ниенің жүзден астам мықтысы физи­калық дайындығын пысықтап, өз мүмкіндігін зерделеді. Тәжірибе алмасуға келген сайыпқырандардың қатарында сары құрлық пен кәрі құрлықтың кіл мықтылары, Олим­пиада, әлем чемпиондары да болды. Олармен бірге жаттығудың жөні бөлек», дейді ол.

Есту қабілеті зақымданған спорт­шылар арасында байрақты бәсеке­лерде ел намысын абыроймен қорғап жүрген Нұржан шартараптың кіл мықтылары бас қосқан жиында кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, өзіне қажетті дүниелерді көкейге түйгеніне талас жоқ.

«Мықтылармен жаттыққан сайы­н шеберлігің шыңдала түседі. Оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырған азаматтарға, бапкерлерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Басты мақсаты­­мыз – ірі жарыстарда атой салып, сенім артып отырған барша қауым­­ды, жанкүйерлерді қуанту. Қол­дан кел­генше көк байрақты биікте желбі­­ретуге күш саламыз», дейді спортшы.

Нұржан Бразилиядағы сурдлим­пиялық ойындардан бөлек, 2023 жылы Бішкекте өткен әлем чемпионатында топ жарған. Сонымен қатар Азия ойындарында да жеңіс­тің биік тұғырынан көрініп, бір­не­ше халықаралық турнирде жүлдегер атанған. Алдағы уақытта Сурдлимпиада ойындарында топ жаруға ниетті.

 

Жамбыл облысы