Әдебиет • Кеше

Қош бол, ақиқаттың алдаспаны: Алматылықтар Темірхан Медетбекті жер қойнына тапсырды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық жазушысы Темірхан Медетбек те келместің кемесіне мініп кете барды. Сексенді алқымдап дүние салған ақын Алматыдағы Кеңсай зиратында жерленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қош бол, ақиқаттың алдаспаны: Алматылықтар Темірхан Медетбекті жер қойнына тапсырды

Ұлттың ұлы жыршысына айналған, ұят пен ар-намысты бәрінен жоғары қойған, жолы мен салған ізі бөлек ақын Темірхан Медетбек 80 жасында бұл фәнимен қош айтысты. Адамгершілік пен әділдік ұғымын туындыларының негізгі бағытына айналдырған қаламгер қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосты. Шындықты айтты, адал жүріп, адал тұрды.

«Тасқа тамыр бітіру, темірге жан бітіру — бұл Құдіреттің ғана қолынан келеді. Ал сондай Құдіретті өнер иесі — Темірхан Медетбек. Сол себепті мен оны Құдіретті ақын деп айтамын. Темірхан ағамыздың өмірден өтуі — бір үлкен мектептің, бір дәуірдің аяқталғаны сияқты. Бірақ шынайы қарасақ, сол мектептің шәкірттері бар, сол дәуірдің оқырмандары бар. Сондықтан бұл рухани жол, бұл әдеби бағыт өз жалғасын табатынына мен сенемін», – деді ақын, қр еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет.

Түркістанның төрінде туып, Алматыда қызметтік жолын жалғаған жазушы әр жылдары түрлі басылымдарда іс атқарды. Шығармашылық ортадан алыстамады. Көп жазды. Қазақ поэзиясына жаңа леп сыйлады. Оған ақынның ежелгі тарихты зерттей отырып шығарған «Көк түріктер сарыны» атты еңбегі дәлел.

«Мен Темірхан Медетбекті қазақ поэзиясына төңкеріс жасаған, шын мәніндегі революция жасаған ақын деп есептеймін. Бұған дәлел — оның әйгілі «Көк түріктер сарыны». Бұл шығарма — тек поэтикалық туынды ғана емес, тұтас рухани серпіліс.

Темірханның поэзиясын екі кезеңге бөліп қарауға болады: алғашқысы — қазақтың қара өлеңі үлгісінде жазылған туындылары болса, екіншісі — Күлтегін дәуірінің көне түркі рухымен көмкерілген, терең тарихи санаға құрылған поэзиясы. Меніңше, қазақ адам болуы үшін — Абайды оқуы керек. Ал рухы мықты, тұғыры биік болуы үшін — Темірханды оқуы керек», – деді журналист, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалықызы.

Темірхан Медетбек алғашқы жыр жинағын «Жанымның жас құрағы» атауымен 1970 жылы басып шығарды. Кейін «Жанымның жапырақтары», «Мәртебе», «Дауыс», «Менің Абайым» сынды еңбектердің авторы атанды. Өлеңдері әлемнің 6 тіліне аударылды. Ал ең бастысы, оның әр шығармасынан өр рух пен ерік-жігер жалыны анық сезіледі.

«Өткір, кешегі Махамбеттердің ізін қуып келе жатқан мықты ақындарымыз еді. Сондықтан біз үшін бүгін өте қайғылы күн. Өйткені дүниеден Темірхан Медетбек өтті. Бірақ оның поэзиясы, оның жырлары, оның жазған эсселері мен сын мақалалары қазақтың көкейінде өмір бойы сақталады», – деді Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов.

Ақын дара жолмен жүруге ұмтылды. Көк түріктер сарынын бойына сіңіріп, ақиқатты жырлады. Өмірінің соңына дейін қаламын сенімді серігі етті. Өз ісін шын сүйді. Көпге үлгі болды.