
Қазіргі таңда 84 ауылға инфрақұрылым тартылып, бұл жалпы жоспардың 58,2%-ын құрап отыр. Нәтижесінде 400 мыңнан астам адам (101,8 мың абонент) өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алды.
Президент тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы тағы 42 елді мекенге көгілдір отын беріледі деп жоспарланған. Осы мақсатта республикалық және жергілікті бюджеттерден жалпы сомасы 7,9 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 21 жоба – 2024 жылдан өтпелі. Қоғалы ауылынан басқа барлық нысандарда жұмыстар аяқталды. Бұл елді мекенде газ құбырының 80 шақырымынан 35 шақырымы тартылды.
24 жаңа жоба бойынша 3,5 млрд теңге игерілді, алдағы уақытта тағы 18 жобаның құрылысы басталмақ. Бұл жұмыстардың жалпы құны – 15,9 млрд теңге. Аталған жобаларды аяқтау үшін Энергетика министрлігі қосымша 25,6 млрд теңгеге бюджет өтінімін жолдады.
Атқарылып жатқан шаралардың нәтижесінде Жетісу облысында көгілдір отынға қосылатын елді мекендердің саны 126-ға жетіп, қамту деңгейі 71,4%-ды құрайтын болады. Бұл – 500 мыңнан астам тұрғынның тұрмыстық жағдайын жақсарту деген сөз.
Сонымен қатар, қазіргі схемаға енбеген тағы 22 ауыл бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Айта кетейік, 2022–2024 жылдар аралығында республика көлемінде 371,1 млрд теңге бөлініп, 14 мың шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Елдегі газдандыру деңгейі 62,4%-ға жетіп, табиғи отынмен қамтылған халық саны 11 млн-нан 12,6 млн адамға артты.