Қоғам • Бүгін, 16:10

Елімізде 468 ауылға таза ауыз су тартылады

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстанда ирригациялық каналдарды жаңғыртумен қатар, өзге де маңызды гидротехникалық құрылыс нысандарында кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

 

Елімізде 468 ауылға таза ауыз су тартылады

Фото: Ашық дереккөз

Атап айтқанда, сыйымдылығы 245 миллион текше метрді құрайтын Ақтөбе су қоймасы, 120 мың гектар жерге су жеткізетін Қызылорда су торабы және Шымкент қаласындағы Тоғыс су қоймасы жаңғыртылып, пайдалануға берілген.

Сонымен қатар алты өңірде, атап айтсақ Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенге сапалы ауыз су жеткізетін сегіз су нысанының құрылысы аяқталған.

Өткен жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы құны шамамен 600 миллиард теңге болатын 137 жобаны жүзеге асырды. Бұл жобаларға 110,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Сонымен қатар министрлік 2025 жылға қарай жалпы сомасы 184 миллиард теңгені құрайтын 138 жобаны іске асыру жоспарланғанын атап өтті. Бұл өткен жылғы көлемнен 67%-ға артық. Аталған жобалардың 31-і еліміздің 9 облысында, атап айтсақ Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау нысандарын салу мен қайта жаңартуға бағытталған. Осы мақсаттарға 2025 жылы 71 миллиард теңге бөлінеді. Жобалардың нәтижесінде шамамен 1,3 миллион адам тұратын 468 ауыл таза ауыз сумен қамтылып, 2,5 мың шақырымнан астам су құбыры салынады және жаңартылады.

«Ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Түркістан облысындағы Қарақуыс су қоймасының (1,1 млн м³) құрылысы, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасын (42,6 млн м³) реконструкциялау, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биопруд» су жинақтауышының қорғаныс дамбасын (35 млн м³) салу, Ақмола облысында Жабай өзенінің бойында Балкашино ауылы маңында (1,5 млн м³) су жинақтауыш тұрғызу, сондай-ақ Жамбыл облысындағы «Андас 1 және 2» тоғандарының (1,4 млн м³) құрылысын аяқтау жоспарланған», делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстандағы Киров, Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларын реконструкциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобалар шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін 180 миллион текше метрге дейін тасқын және еріген суды жинауға мүмкіндік беретін су қоймалары пайдалануға беріледі.

«Қазіргі уақытта 214 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама және техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Оның ішінде жалпы көлемі 1,8 миллиард текше метрден асатын 21 су қоймасына (6 – жаңа, 15 – реконструкция), ұзындығы 4024 шақырым болатын 243 ирригациялық каналға және 13 гидротехникалық нысанға қатысты жобалар бар. Барлық жобаларда су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында автоматтандыру жүйелері қарастырылған», делінген хабарламада.

Ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін шетелдік қаржы институттарын тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ислам даму банкінің Директорлар кеңесі жалпы құны 2,7 миллиард АҚШ долларын құрайтын несие мен грант бөлу туралы шешім қабылдады. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылады.

Бірінші кезең (2025–2027 жж.) аясында 1,153 миллиард АҚШ доллары бөлінеді. Оның ішінде 1,1 миллиард доллары құрылыс пен цифрландыруға, 50 миллион доллары жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге және 3,5 миллион доллары министрлікке қарасты ұйымдардың әлеуетін арттыруға бағытталады.

Екінші кезеңде (2027–2029 жж.) 1,6 миллиард АҚШ доллары көлемінде қосымша инвестиция тарту жоспарланған.

Несие қаржысы есебінен 2025 жылы Ақмола, Қалғұты, Қараөзек және Үлкен Өзен су қоймаларының құрылысы басталады. Бұл нысандар оңтүстік өңірлерде орналасқан 22,5 мың гектар суармалы жердің вегетациялық кезеңдегі су тапшылығын жоюға және екі елді мекенді су тасқынынан қорғауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Жамбыл облысындағы Теріс-Ащыбұлақ пен Қарақоңыз, Түркістан облысындағы Қосқорған мен Көксарай контрреттеуіштерін реконструкциялау жоспарланған.

Алматы, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстарында жалпы ұзындығы 3452 шақырымды құрайтын 115 ирригациялық канал заманауи цифрлық жүйелермен жаңғыртылады. Сонымен қатар «Тұран су» (Түркістан) және «Алматыоблсушар» (Алматы) коммуналдық кәсіпорындары үшін де техникалық жұмыстар жүргізіледі.

Жобалардың барлығы еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.