Облыс әкімі жамбылдық Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыстады.
Ербол Қарашөкеев алдымен 99 жастағы Мүтәліп Ережепбаевтың шаңырағында болды. Талас ауданының тумасы 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Жеңістен кейін әйгілі Брест қаласын қалпына келтіруге қатысқан. 1950 жылы елге оралып, партия жұмыстарына белсене араласып, журналистика саласында жемісті еңбек еткен. II дәрежелі Отан соғысы ордені мен түрлі медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталған. Шығармашылықты жанына серік еткен қарияның бірнеше жинағы жарық көрген. Бүгінде өмірлік серігімен бірге ұрпағының ортасында, немере-шөбересінің қызығына бөленіп отыр.
Бұдан соң өңір басшысы Геннадий Ивановты құттықтады. Геннадий Иванов 1926 жылы дүниеге келген. 1943 жылы небәрі 17 жасында Қызыл Армия қатарына алынып, 1945 жылдың маусым айына дейін майдан шебінде жауынгерлік ерлік көрсеткен. Соғыстан кейін әскери қызметін жалғастырған. Запасқа шыққан соң педагогикалық институтты аяқтап, ұзақ жыл бойы қала мектептерінде математика пәнінен сабақ берген. II дәрежелі Отан соғысы ордені және 12 мерекелік медальмен марапатталған.
Соңыра Ербол Қарашөкеев Шалданбай Шанбаев, Иван Макеев және Григорий Нещеретневке де Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізіп, мерекелік марапаттарын табыстады.
Жамбыл облысы