Мәдениет • 08 Мамыр, 2025

Батыр атындағы музей ашылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тараз қаласында кеңес одағының батыры, даңқты әскери қолбасшыс, жазушы Бауыржан Момышұлының музейі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыр атындағы музей ашылды

 

Жаңа нысанның лентасы жеңістің 80 жылдығы мен Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай қиылды. Ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және өңір тұрғындары қатысты. Қонақтар музейді аралап, тау тұлғаның өмір жолы мен қаһармандық бейнесін, сондай-ақ соғыс жылдарындағы ерлік шежіресін тамашалады.

Көрмеге Бауыржан Момышұлының балалық шағы, әскери қызметі, отбасы жайлы тың деректер, сондай-ақ жеке заттары мен құжаттары қойылған. Жәдігерлер қатарында полковник шеніндегі шинелі, батырдың өзі сызған әскери карта, сондай-ақ «Ұшқан ұя» мен «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қаламы мен сиясауыты да орналастырылған.

Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейіне батырдың өзі тарту еткен маузері, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызы мен Ленин орденінің көшірмелері, айдаһар бейнеленген қылышы, сондай-ақ сирек кітаптары мен суреттері де қойылған.

Одан бөлек, бейбіт күнде киген киімдері мен ыдыс-аяқтары, күміс қасықтар, ағаш тостағандар, қымыз шөміші, шай ішетін ыдыстар мен домбырасы көрменің сәнін кіргізіп тұр. Батырдың өзі ойған өрнектерден тұратын альбом, Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық пен өзге де марапаттау құжаттары да экспозициядан орын алған.

Көрменің бірегей жәдігері – Бауыржан Момышұлы Қызыл Армия қатарына алғаш шақырылған 1932 жылы және запасқа шығып, елге оралған 1956 жылы өзімен бірге болған чемодан мен соғыс кезіндегі батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейф.

Сондай-ақ көрмеден батыр киген шинель, етік, папаха және шығармашылыққа бет бұрған кезеңдегі 70-тен астам қолөнер туындылары – оюланған фигуралар ұсынылған.

Түпнұсқада Тахауи Ахтанов пен Әбділда Тәжібаев секілді қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері отырған үстелі, батырдың соғыс жылдарынан бері қасында болған үстел шамы, компасы, сағаты мен фортепианосы да келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды.

 

Тараз