
Ашылу рәсімі тақырыптық көрмені аралаудан және қатысушы командалардың салтанатты шеруінен басталды. Мемлекеттік Гимн орындалып, қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ерекше рухани әсер қалдырған сәт – Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың берген батасы болды.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өз құттықтау сөзінде марафонның мән-маңызын атап өтті:
«Ұлы дала жорығы – бұл жай ғана спорттық жарыс емес. Бұл – ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықты жалғап, тарихи жадымыз бен ұлттық рухты жаңғыртатын маңызды алаң. Біз осы марафон арқылы ата-бабаларымыздың бай мәдениетін дәріптеп, өңіраралық және халықаралық ынтымақтастықты нығайтамыз».
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына сай келетінін атап өтті:
«Ұлттық спорт түрлері мен мәдени мұраны дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. “Ұлы дала жорығы” – қазақ өркениетінің байлығы мен қонақжай дәстүрін әлемге паш ететін бірегей жоба».
Сенатор, «JORYQ» федерациясының құрметті президенті Дархан Қыдырәлі жобаның терең тарихи маңызын айрықша атап өтті:
«Ұлы дала жорығы – бұл жай ғана бәйге емес, ата-бабалар жүріп өткен жолмен қайта сапар шегетін тарихи экспедиция. Бұл – көшпелі өркениеттің рухын сезіну, уақыттар арасындағы байланысты нығайту және ұлттық мұраны келер ұрпаққа аманаттау».
«JORYQ» федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биылғы марафонға 19 команда қатысуда: оның 13-і – Қазақстан өңірлерінен, ал 6 команда шетелдерден келген. Олар – Оңтүстік Африка Республикасы, Венгрия, Иран, Қырғызстан және Татарстан (РФ). Қатысушыларға бес күн ішінде 500 шақырымдық дала жолын еңсеру міндеті тұр.