Саясат • Кеше

Заң шығару бағытында тәжірибе алмасуға мән берді

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанда мемлекеттік сапармен жүрген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесті.

Заң шығару бағытында тәжірибе алмасуға мән берді

Сурет: azattyq-ruhy.kz

Ерлан Қошанов Вьетнам Социа­листік Республикасының Комму­нистік партиясы Орталық коми­тетінің Бас хатшысымен әңгімелесу барысында Вьетнам Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қазақстанның маңызды әріптесі екенін атап өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы тамызда Вьетнамға жасаған ресми сапары екі ел арасындағы ынтымақтастыққа ерекше серпін берді. Сіздің Қазақстанға жасаған қарымта мемлекеттік сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасымыз­дың тарихындағы жаңа кезеңнің бас­тауына – стратегиялық әріптестік­тің маңызды белесіне айналуда. Қасым-Жомарт Тоқаевпен келелі келіссөз өткіздіңіздер. Үкімет­­ара­лық маңызды құжат­тарға қол қойыл­ды. Бұл өзара ықпалдас­тық­тың рухы мен мазмұнына толық сай келеді, – деді Мәжіліс төрағасы.

Спикер То Ламды Қазақстан Президентінің қолынан алған жоғары марапат – І дәрежелі «Достық» орденімен құттықтады.

Ерлан Қошанов Мəжілістің Вьетнам Ұлттық жиналысымен ынты­мақтастықты одан əрі терең­детуге және кеңейтуге қызығу­шылық танытып, Вьетнам мен Қазақстан депутаттары арасында бейін­ді комитеттер мен достық топ­тары деңгейінде тұрақты кездесу­лер өткізудің, өзара сапар алма­судың оң тәжірибесі қалыптас­қанын атап өтті.

Мәртебелі мейманға Мемлекет басшысы реформаларының жүзеге асырылу барысы мен көппартиялы Парламенттің заң шығару жұмысы жайлы мәлімет берілді.

Өз кезегінде Вьетнам Коммунис­тік партиясының Бас хатшысы екі ел арасындағы жан-жақты байланыстарды нығайту, соның ішінде парламенттік дипломатия, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салада, сондай-ақ партия бағыты бойынша да дамыту қажеттігіне назар аударды.

Кездесу барысында тараптар «Аmаnаt» партиясы мен Вьетнам Коммунистік партиясы арасында берік әріптестік байланыс орнағанын атап өтіп, екі саяси ұйымның ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мәселесіне ерекше мән берді. Бұл ретте қос партияны біріктіретін ортақ мақсаттар бар. Ол – мемлекеттілікті нығайту, демократия, әлеуметтік әріптестік пен келісім қағидаттарына негізделген еркін әрі ашық қоғам құру.

Тараптар екі ел арасын­дағы парламентаралық ынтымақ­тас­тықты тереңдету, заң шығару бағы­тында тәжірибе алмасу, сон­дай-ақ туризм, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы, өндіріс және басқа да салалар бойынша екі­жақты қатынастарды дамыту­ға заңнамалық қолдау көрсету жөнінде келісті.