Саясат • Кеше

Парламентаралық сұхбаттастықтың маңызы

70 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Бас хатшысы То Ламмен кездесті.

Парламентаралық сұхбаттастықтың маңызы

Фото: parlam.kz

Мәулен Әшімбаев өз сөзін­де мейманды аталған елдегі маңызды мейрам – Бірігу күнінің 50 жылдығымен құттықтай келіп, Қазақстан Вьетнаммен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән беретінін айтты.

«Вьетнам Социалистік Республикасы – Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азиядағы маңызды және сенімді серіктесі. Сіздің Қазақстанға сапарыңыз екіжақты қарым-қатынасты дамытудың жаңа кезеңіне жол ашады және елдеріміз ара­сындағы достық пен серік­тестікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді деп сенемін. Қазақстан Парламентінің Сенаты сіздің сапарыңыз барысында қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыруға ықпал етеді», деді палата төрағасы.

Сонымен қатар Сенат спикері парламентаралық деңгейде өзара іс-қимылды одан әрі дамытудың маңызды екеніне және заң шығару саласындағы ынтымақтастық тетіктеріне назар аударды.

«Парламентаралық диалог елдеріміз арасындағы ынты­мақ­тастықты нығайту жолында маңызды рөл атқарады. Біз Қазақстан Парламенті мен Вьетнам Ұлттық жиналысы арасында қалыптасқан достық байланыстарды жоғары баға­лаймыз және оны әрі қарай нығайтуға мүдделіміз. Бұл ретте қазір жұмыс істеп тұрған парламентаралық достық топтарының қызметі екіжақты ынтымақтастықтың маңызды тетігі екені анық», деді М.Әшімбаев.

Кездесу барысында тарап­тар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты кеңейтуге қатысты мәсе­лелер бойынша да пікір алмас­ты. Атап айтқанда, ауыл ша­руа­­шылығы, логистика, ақпа­рат­­тық технологиялар және бас­қа да бағыттарда өзара іс-қи­мыл­ды жандандыру барысы сөз болды.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезіне тұрақты қаты­сып, оның идеяларын қол­дап келе жатқаны үшін Вьетнам­ның дін өкілдеріне алғыс білдірді.

Өз кезегінде То Лам Қазақ­стан­да жүргізіліп жатқан қоғам­дық-саяси өзгерістерге жоға­ры баға берді және рухани дип­ломатияның қазіргі таңда­ғы рөліне ерекше назар аударып, бұл бағыттағы ынтымақ­тастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді.