Саясат • 07 Мамыр, 2025

Сауда-экономикалық қатынасқа тың серпін

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Социалистік Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Сауда-экономикалық қатынасқа тың серпін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партия­сы Орталық комитетінің Бас хат­шысы То Лам қол қойған Қазақ­стан мен Вьетнам арасында Страте­гия­лық серіктестік орнату тура­лы бір­лескен мәлімдемені жүзеге асыру бойынша алдағы жұмыстарға назар аударылды. Сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және логис­тика, азаматтық авиация, туризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, цифрлық қызметтер енгізу және ЖИ интеграциясы бойынша озық тәжірибе алмасу перспективалары қаралды.

Жоғары деңгейде қол жет­кізіл­­ген тауар айналымын 2 млрд долларға дейін арттыру жө­ніндегі уағдаластықтар шең­берінде Қазақстанның 35 тауар аталымы аясында вьетнам нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға дайындығы атап өтілді. Олардың ішінде мұнай-химия, металлургия, химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі мен басқа да өнімдер бар.

Ауыл шаруашылығы саласында оң серпін белгіленді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстан мен Вьетнамның АӨК өнімдері бойынша сауда көлемі 3,5%-ға, қазақстандық ауыл ша­руа­шылығы өнімдерін жеткізу 15 есеге өсті. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығының өнімділігін арт­тыруға бағытталған заманауи агро­технологияларды енгізу үшін ғылым саласында тәжірибе алмасу келешегі зор бағыт саналады.

Көлік-логистика саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Орта дәліз Вьетнамнан жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл өзара сау­даны сапалы жаңа деңгейге шығаруды қамтамасыз етеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауға ниетті екенін білдірді.