
Жиынды Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев ашып, Үкімет атынан қатысушыларды құттықтап, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталды.
«Қазақстанның Вьетнам – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі. Екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге зор әлеует бар. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 860 миллион долларға жетті», деді вице-премьер.
Бүгінде Қазақстанда вьетнамдық капиталдың қатысуымен түрлі салаларда 13 компания жұмыс істейді. Бұл еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалына деген сенімнің жоғары деңгейін айғақтайды, тұрақты әрі өнімді әріптестіктің қалыптасқанын көрсетеді.
Ынтымақтастықтың болашағы, ең алдымен, авиация саласымен байланысты. Форум аясында «Qazaq Air» мен «VietJet» компаниялары «VietJet Qazaqstan» атты бірлескен брендті іске қосу туралы келісімге қол қойды.
«Sovico Group» пен «VietJet Air» компанияларының «Qazaq Air» қызметін басқаруға әрі оны жаңа «VietJet Qazaqstan» брендімен дамытуға ниетті екенін жоғары бағалаймыз. Әуе желісінің кеңеюі көлік қатынасын арттырып, өңірде экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастырады», деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы. Қазақстан егістік пен жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр және бидай мен ұн экспортында көшбасшы елдердің қатарында.
«Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатта 220 мың тонна ет өндіретін 29 құс фабрикасы мен 850 млн жұмыртқа өндіретін 11 фабрика іске қосылмақ. Вьетнамдық серіктестерді бірлескен өндіріс құруға және су үнемдейтін заманауи технологияларды енгізуге шақырамыз», деді Е.Көшербаев.
Кездесу барысында цифрландыру мен инновациялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Қазақстан электрондық үкіметтің жаһандық индексі бойынша 24-орында, ал онлайн қызмет сапасы жағынан әлемдегі үздік он елдің қатарына кіреді. Өз кезегінде IT саласында жетекші елдердің бірі саналатын Вьетнам мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және технология алмасу бойынша Қазақстан үшін стратегиялық серіктес бола алады.
Жиын жаңа жобаларды бастауға арналған маңызды алаңға айналды. Алдағы уақытта ұсынылған бастамалар B2B форматында және ведомствоаралық деңгейде егжей-тегжей талқыланып, нақты нәтижелерге бағытталмақ. Қазақстан Үкіметі жобаларды барлық кезеңде жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.