
Әкеміздің замандасы, Журналистер одағының мүшесі Мұхтар Айдарбековтің бір естелігінде: «Мен Серікбай ағамызбен 1933 жылдан бастап, 1940 жылға дейін ауылда 7 жылдай бір мектепте, бір сыныпта, бір партада отырып оқыдық. Ол әсіресе математика сабағына жүйрік озат оқушы, қоғамдық ұйымдарға белсене қатысатын, тирде мылтық атудан өте мерген болатын. Енді жұмыс істей бастаған шағында соғыс басталды да, 1941 жылы желтоқсанда біздің «Ленин жолы» ұжымшарынан 11 жігіт, аудан бойынша 76 азамат Отанды қорғауға аттанды», деп баяндайды.
Соғысты өз көзімен көріп, от кешкен майдангерге көркем фильмдердегі оқиғаларды көру өте қиын. Содан болар, әкем соғыстағы оқиғаларды еске алып, көп сөз қозғай бермейтін. Соғыс туралы киноларды қарамауға тырысатын, ауыр күрсініп, сыртқа шығып кететін. Әкемнің бала-шағасына сондай зұлматты айтып, жүректеріне жара салғысы келмегенін кейіннен түсіндік.
Жыл сайын 9 мамырда бала-шағамызбен қарашаңыраққа жиналып, әкемізді құттықтап, басқосу өткізетінбіз. Бұл қалыптасқан отбасылық дәстүріміз еді. Сондай кездесуде ол көңіл күйімізге қарап, басқосудың нышаны ретінде майдан тақырыбын еске алу қиын болса да, оқтын-оқтын соғыстағы естеліктерді әңгімелейтін.
Бірде ауылдан Алматыға бара жатқанымызда әкем жолдан бұрылып, әскери өмірінің мектебі болған жерге тоқтауымды сұрады. Көлікті солай қарай бұрдым. Сол сапарда ол алғашқы әскери даярлықтан өткен сәттерін, одан майдандағы сұрапыл соғысты еске түсіріп еді.
«Алғашында біз атты әскер полкінде дайындалдық. Кейін бәрімізді түгел қару-жарақ ісіне бейімдей бастады. Бізге «Соғыс құралы» аталатын әртүрлі калибрлі зеңбірек, зенит, миномет, пулемет сияқты қаруларды қолдануды үйретті. Даярлық біткен соң мені механикалық атқыштар полкінің барлаушы зеңбірекшілер-батареясының командирлігіне тағайындады. Содан біз Сталинград шайқасында қазақстандық 73-гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамына қосылып, бірден соғыс алаңына кіріп кеттік. Сталинград түбіндегі соғыс өте ауыр және сұрапыл болды. Таңертең келіп түскен бір эшелон адамның көпшілігі алғы шептен оралмайтын. Күні бойы тоқтаусыз оңды-солды бораған оқтан есеңгіреген жауынгердің елесі мен жер құшқан қыршын жастың қанға оранған сүйектерінен жер басып жүре алмайтынбыз».
Сол жантүршігерлік сұрапыл күндерді еске алу, ол туралы айтып беру барлық майдангер үшін ауыр еді. Бірақ біздің соғыс туралы білгіміз, сұрағымыз келетінін көзімізден танып, жанға батса да біршама баяндайтын. Дегенмен сол естеліктер – бүгінде әкелеріміздің ерлігін көрсететін шынайы тарихи оқиғалар. Осындай естеліктер әрбір шаңырақта айтылуы керек деп санаймыз.
Сталинград, Курск шайқасында және басқа да майдандарда қазақстандық құрамалар мен бөлімдер ерлік көрсетті. Балтық теңізі бойындағы республикаларды, Украина мен Белоруссияны, Шығыс Еуропа елдерін азат етуге, Берлин операциясын жүзеге асыруға қазақ жауынгерлерінің қатысқаны тарихтан белгілі. Әкем де фашистік Германиядан қаншама елді азат етуге қатысқан. Омырауына жиырмадан аса награда ілген. Олардың ішінде Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Даңқ» ордендері, «Ерлігі үшін», «Сталинград қорғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Белоруссияны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары және т.б. бар.
Әкемнің әскери шекпені мен әскери құтысы – бүгінгі ұрпағымыз үшін атадан қалған баға жетпес жәдігер. Аталарының ерлігін есінде мәңгі сақтасын деп үйімнің төрінен әке ерлігіне арналған естелік бұрышын жасадық. Оған соғыстағы ерлігі үшін алған құжаттарын, ескірген суреттерін, жауынгерлік ерліктері үшін командирден алған алғыс хаттарын, марапаттардың куәліктерін қойдық. Мына сурет – сол жәдігерлердің бірі.
Әкем 1947 жылы елге аман-есен оралып, өзі туып өскен өңірдің тұрмыс-тіршілігін бейбіт өмірге қайта бейімдеу, ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге белсене араласты. Соғыс жылдары тұралап қалған шаруашылықты қалпына келтіруге қосқан еңбегі елге аян. Сол кездегі Мырзашөл өңірінде жаңадан құрылғандардың ішінде әкем іргетасын қалаған бұрынғы Киев (қазіргі Мақтаарал) ауданына қарасты Киров атындағы Жүзім кеңшары да болды. Кеңшардың құрылуынан бастап, оның жекеленуіне дейінгі аралықта 58 жылдай партия және жұмысшылар комитетінің хатшысы, кеңшар директорының орынбасары, тағы басқа басшылық қызметтерді абыроймен атқарды. Сол кездегі жоспарланған игі бастамаларының алдыңғы шебінде болып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан алдыңғы қатарлы кеңшар ретінде КСРО-ның Құрмет дипломдарымен бірнеше мәрте марапатталды. Әсіресе әкемнің басшылығымен Шардара өңіріне егілген сексеуілдердің жайқалып өскенін көзімізбен көрдік, мақтан тұттық. Өкініштісі, сол сексеуіл орманының бейбіт заманда өртке шалдығып, отқа кеткені қынжылтады.
Отбасымыз туралы айтар болсақ, әкеміз Палзина Абсалиевамен шаңырақ көтеріп, отау құрып, бес баланы тәрбиелеп жеткізді. Әпкем Күлімше дәрігерлікті бітіріп, талай жыл медицина саласында еңбек етіп, Алматыдағы наркологиялық диспансердің жетекшісі болған, өз ісінің құрметті қызметкері, шебері еді. Үлкен ағам Сталбек 40 жылдан аса хирург болып еңбек етті. Жанасбек ағам Алматыда кәсіпкер. Одан кейінгі мен еліміздің құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, зейнет жасына шықсам да Қаржылық мониторинг академиясында жұмыс істеп жүрмін. Ауылдағы қарашаңырақ – ата-анамыздың кенжесі Бердіғалидің еншісінде.
Соғыста талай ұлттармен иық тіресіп, жауды бірлесе жеңген әкеміз көзі тірісінде ағайын-туыс, дос-жаран, жалпы жұртшылыққа ерекше қайырымдылықпен қарайтын ел ақсақалы ретінде құрмет, беделге ие болды. Ол 2000 жылы Жеңістің 55 жылдық мерейлі тойына қатысып, сол мамыр айының аяғында дүниеден өтті. 2001 жылдан бері әкеміздің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында елде өткізетін іс-шаралар шеңберінде футболдан республикалық жарыс ұйымдастырамыз. Бұл – әулетіміздің дәстүрі. Бүгінде ауылымыздағы бір көше және стадион орналасқан жеміс саябағы – Серікбай Мерзадинов атында. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Бейбіт күнге жеткізген осы аяулы ата-анамыздан тараған үлкен әулет оларды мәңгі есінде сақтайды әрі әкеміздің ерлігін мақтанышпен еске алады.
Жеңістің 80 жылдығы – ерлікті дәріптеу, бірлікті нығайту, бейбітшіліктің қадірін түсіну мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру үшін мәні өте зор тағылым.
Ерғали МЕРЗАДИНОВ,
әділет генерал-лейтенанты, заң ғылымдарының кандидаты