
Задында, әрбір жұмыр басты пенде тіршілігінде тізе қосар жұрт, тірек болар дос іздеумен өтеді. Жұртымен жұғысқан, досымен қауышқан адамның ғұмыры ғибратқа толып, бақыттың бақшасынан гүл тереді. Парсының дүлдүлі Жәми айтады: «Достық деген дарқан бағың, сенімің, Әсем әндей әлдилейді сені мың. Жазады ол жаралы жан жүрегін, Содан табам дүниенің тірегін». Шығыс шайыры құдды осы шумағын мақала кейіпкеріне әдейі арнап шығарған ба дерсің?
Өткен ғасырдың басында кісі есімін зерттейтін антропономика мамандары адамның атымен бірге оның тағдыры жазылады деген ортақ байлам жасаған екен. Осы уақытқа дейін Досымжанның табиғатынан танығаным, ол – ғаламға да, адамға да, өмірге өнерге де адал дос. Өзгермелі әлемде өзінің өзгермейтін бекзат болмысына сай ақ адал өмір сүріп жатқан дарынды өнерпаз.
Досымжанның да аты тағдырымен тоқайласып, тақымдасып кеткенінің өзі өзгеше бір тарих. 1974 жылы әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі құрылып, даңқы даланы шарлап, дүбірі қазақтың түкпір-түкпіріне естіліп жатқан тұс болатын. Сол жылы атақты ансамбльдің тікұшақ ішінде тұрып ән салғаны дүйім жұртты тіпті дүр сілкіндіреді. Досымжан дүниеге келетін 1975 жылдың көктемінде өнерпаздар танымал әндерін Алатаудың сілемі Жамбыл өңіріндегі Шал тауының биігінде тікұшақта орындайды. Етегінде мал жайып жүріп, мынадай ғажайыпты көзімен көрген әкесі Қарпық айы-күні жетіп тұрған жан жары Тәшкүл алдағы күндері ұл тапса атын Досмұқасан қойсам деп ойлайды. Айтқанындай-ақ, артынша дүниеге балпанақтай бала келеді. Тілегімді тәңірім қабыл етті деп қуанышы қойнына сыймай ауылдық кеңестің төрағасы Артықбай досынан сүйінші сұрап, нәрестенің атын Досмұқасан қоятынын айтып, туу туралы куәлігін рәсімдеп беруді сұрайды. Сол кезде бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен құрдасы аз-кем ойланып отырып, «әй, Қарпық екеуміздің өмірдің ащы-тұщысын бірге бөлісіп, айнымас дос боп келе жатқанымызға отыз жылдан астам уақыт өтіпті. Еншіміз бөлінбей, «бүтін дәнді бөліп жеп, жарты дәнді жарып жеп» жүргендіктен бұл менің де балам. Сондықтан да Досмұқасанды сәл өзгертіп, достығымыздың мәңгілік белгісі ретінде баламызға Досымжан деп ат қойсақ» деп бұйымтайын айтыпты. Досының ақ адал пейіліне риза болған Қарпық ағамыз «дегенің болсын» деп қуаныштан досын қапсыра құшақтай беріпті.
Досымжан өнерге, оның ішінде халық әндеріне адал дос. Әманда адалдық жүрген жерде адамдық жүреді. Бүгінгі ел ағасы жасына дейінгі уақытта әуейі музыка қырдан қашқан қызыл түлкідей қанша жерден қызықтырып, еліктірсе де, ол халықтың саф таза әндерін әпербақан әуенге ешқашан айырбастаған емес. Керісінше, «күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтаратын» мұзбалақ Мұқағали секілді халық әндерін эстрадада тірілтіп, түрлентіп, түлетіп, халықтың өзіне қайтарып келеді. Осылайша, оның орындауымен ұрпақтың жадынан ұмытыла бастаған «Құралай», «Ой көк», «Бұлбұл құсым», «Гүл-гүл жайна» әндері ұлттың мәдени қазынасындай өзіне қайта оралды. Өнердің арнайы академиясын бітірмеген табиғи талант иесінің ешқашан нотаға байланып, қалыпқа бағынбайтын дарабоздығы оның тағы бір ерекше қыры. Соның арқасында Жетісудың да, Арқаның да, батыстың да ән мектептерінің інжу-маржандарын бөле-жармай далаға тән ерек дауысымен нақышына келтіріп үздіксіз шырқап келеді.
Досымжанның халық өнеріне деген адалдығын айтқанда, ол қазақтың төл туындыларын төңіректегі халыққа арбалап жеткізіп, тамырлас елдерге жан-жақты танытып жүр. Өнердегі алыс-берістің өрісін кеңейтіп, Өзбекстанның жарық жұлдызы Юлдуз Усманова «Құралайды» дарын иесінің рұқсатымен репертуарына қосты, Қырғызстанның халық әртісі Роза Аманова оның орындауындағы «Аққуымды» аттай қалап сұрап алып, айыр қалпақты ағайынның қошемет-құрметіне бөленіп келеді.
Өнердегі аға-інілері Досымжан Таңатаровтың табиғи таланты туралы айтқанда, оның сахнадағы ұлттық колоритке ерекше мән беретіндігін айтады. Сахна өнерінің саңлағы Тұңғышбай Жаманқұловтың «Досымжан ән салғанда танауыма даланың аңқыған жусанының иісі, таңдайыма тіл үйірер қымыздың дәмі келеді» деген сөзі қалайша дәл айтылған дерсің? Өнердегі ұстазы, белгілі композитор Бағлан Омаров: «Досымжанның тұла бойынан бастап дауысының тембріне дейін нағыз қазақы болмысты табамыз. Мен концерттерінде әндерінің бәріне көрермені бірге қосылып шырқайтын Досымжаннан басқа бірде-бір әншіні кездестірген емеспін», дейді. Өнерде қатар жүрген досы, әнші Саят Медеуов Досымжанның данамен де, баламен де тең сөйлесе алатын ақыл-парасатын, айтқан сөзін ешқашан жұтпайтын уәдеге беріктігін ерекше құрметтейтінін айтады.
Шығыс шайырларын қайта шиырласақ, әйгілі «Қабуснамада»: «Ей, перзентім! Мынаны білгейсің: адам тірісінде доссыз болмайды. Сол үшін достарыңның ісі жайында ойла, оларға қамқор бол» делінсе, Абай айтады: «Жүрегі жұмсақ білген құл, шын дос таппай тыншымас». Қашан көрсең қалың жұртына өнерімен сүйеу, қаумалаған достарына ақ көңілімен тіреу болып келе жатқан Досымжан өрісі қысқа болатын амал дос болуды емес, өмірлік нұсқа болатын адал дос болуды қадір тұтқан азамат.
Көп досының бірі Тәубежан «Досымжанның бір өзі жүз досқа татиды» деп жүрегіндегісін ақтарады. Ол Досымжанның тойға барса әнші, қойға барса малшы, атқа отырса жылқышы, қораға кірсе сақманшыға айналатын «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиетіне, адал достығымен қатар аттың құлағында ойнайтын шабандоздығына, атакәсіптің қыр-сырын терең меңгерген шаруақорлығына дән риза болады. Досымжанның іске икемдігі әкесі Қарпық ақсақалдан ауысса керек. Еңбекқорлығымен алдына мыңғырған мал айдап, дәулетін тасытқан Қарпық ағамызды ауылдастары Қарпықбай деп атап кетуі де бекер емес.
Досымжанның көпшіл де көркем мінезі кімнен дарыды екен деп ойлайсың? Жігіттің жақсысы – нағашыдан. Оның арыны да, дарыны да нағашылары арқылы берілді. Дәлірек айтсақ, өзінің жақсыны жатсынбайтын, өзім дегенді өгейсінбейтін кең пейіл қасиеті жарықтық анасы Тәшкүл ападан дарыған.
Досымжанның балалық шағы аспанында бозторғай ән салып, асқарында тобылғы гүл жарған Шал тауының баурайында, Үмбет құмының үстінде, сұлулығы жұртты сұқтандырған Сұлутөрдің жайлауында өтті. Анасы жарықтық көңілі даладай кең, дастарқаны дариядай мол, қолы ашық, жүзі жарқын дегдар кісі еді. Кішкентайынан шаруаға епті, өнерге жақын Досымжанды қайда барса да қасынан бір елі тастамайтын. Шөп жинау, егін ору, мал төлдету науқандарында Досымжан көппен ұлы тойдың куәсі болып, комбайнның үстінде, трактордың тіркемесінде, қырмандағы қызыл бидайдың жанында тұрып жарқырап ән салды.
Досымжан анасының көпті көрген алғыр мінезі туралы айтқанда мына бір оқиғаны еске алады. Бірде анасы Қазақ педагогикалық институтын бітіргелі жатқан үлкен ұлы Берікті көруге Алматыға барғанда перзентінің ұстаздарымен кездесіп ұрпақ тәрбиесі туралы ұзақ әңгімелеседі. Ағасы кейіннен оқытушысымен қайта жүздесіп қалғанда, анасының жағдайын сұрап, «сенің анаңның білімі мен білігі бізден әлдеқайда артық екен» депті. Берік аң-таң болып, анасы үй шаруасында екенін айтқанда, оқытушысы анасының оқығанынан тоқығаны көп көзіқарақты асыл адам екенін мойындапты.
Алда-жалда қазақ әдебиетінің тарихында «Доснама» деген дастан жазылар болса әншінің асыл жары Айнұр оның бас кейіпкері болатын еді. Өмір деген ұлы даңғылда қол ұстасып бірге келе жатқан келіншегі Айнұр Досымжанның өмірдегі жары ғана емес, сахнада жүргеніне отыз жыл толған халық ұлының еңсесін биік ұстауына еселі еңбек сіңіріп келе жатқан өнердегі сүйеушісі. Бүгінде екеуі шаңырақтарын шаттыққа толтырып, күміс қасықтай Қарагөз, Айшуақ атты қыздарын, алтын асықтай Бақтияр, Хаким ұлдарын тәрбиелеп отыр.
«Доснама» мұнымен тәмамдалмайды. Есте жоқ ескі замандарда екі достың елін қорғап қос бәйтерекке айналуынан бастау алып, бертін келе ақыреттік достар Қарпықбай мен Артықбайдың өзара сыйластығына ұласқан достық мекеніндегі ізгілік дастаны алдағы уақытта Досымжанның дос жүрегі тудыратын ғажайып сәттермен жалғаса беретіні кәміл.
Қуат БОРАШ,
журналист