Талбесік • Кеше

Аумағы кеңейген қорықтар

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ерекше қорғалатын табиғи ау­мақ­­­тарды құру биоәртүрлілікті сақтау­дың ең тиімді бағыты саналады. Әлемдік қауымдастық та осы ұстанымды жөн көреді. Елі­­міз­дегі ерекше қорғалатын та­­би­ғи аумақтарды құру мен кеңей­­ту жүйелі жүргізіліп, 869 мың гек­тар­дан 30,9 млн гектарға ұлғай­тылды.

Аумағы кеңейген қорықтар

Биоәртүрлілікті сақтау мақ­сатында қабылданған шара­лар нәтижесінде сирек кезде­сетін жабайы жануарлар популяция­сы айтарлықтай жақсарды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қар барысын көбейту бағытындағы кешенді жұмыс жемісін берді. Түз тағысының негізгі тіршілік ететін мекенінің 3,6 млн гектарға жуық көлемі ерекше қорғалатын аумақ саналады. Қар барысы мекендейтін жерлердің 70%-ы қорғалады. Есепке алу, мониторинг жүргізудің заманауи әдістері, фототұзақтар мен спутниктік телеметрия арқылы бақылау жиі жүргізіледі. Спутниктік қадағалау жүргізу мақсатында қар барысының мойнына қарғыбау тағылып, таңбаланды. Мониторинг жүргізу барысында саны екі есе өскені анықталды. 90-жылдардың басында еліміздің таулы аймақтарында қар барысы 100-ге де жетпейтін еді, бүгінде 180-нен асты. Десе де әлі де аздық етеді.

п

Былтыр Тұран жолбарысы мен Прже­вальский жылқысын (керқұлан, кертағы) тарихи мекеніне қайта жерсіндіру ба­ғытында екі ауқымды жоба жүзеге асты. Жолбарыстарды өсіру жөніндегі бағ­дарлама аясында 2018 жылы құрылған Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватына (415 мың гектар) табиғи азық қорын қалпына келтіріп, молайту мақсатында 205 тоғай бұғысы жіберілді. Бұдан тыс 100-ден астам құлан әкелінді. Еліктер мен қабандардың да табиғи өсімі жақсарды. Өткен жылы күзде Іле-Балқаш резерватына арнайы торлы қоршауда өсіруге Нидерландтан екі жолбарыс әкелінді. Алдағы уақытта Ресейден үш-төрт жол­барыс жеткізіліп, қамысты нуға жібе­рілмек.

Пржевальский жылқысын қайта жер­сіндіру жұмыстары да қарқын алып келеді. Сайын даланың тарпаңы Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, ішінара Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының аума­ғында мекен етті. Бірақ Пржевальский жылқысы әлемдік жабайы табиғаттан 60-жылдардың соңына қарай жойылып кетті. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орна­туының нәтижесінде былтыр Қостанай облысындағы «Алтын дала» резерватына Прага хайуанаттар ба­ғынан 7 Прже­вальский жылқысы (6 ­бие, 1 айғыр) әкелінді. Жалпы, 2029 жылға дейін 40 бас әкелу жоспарланып отыр.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев биологиялық әртүрлілікті сақ­тау жөніндегі конвенция аясында арнайы тұжырымдама әзірленіп жатқанын айтады.

ти

«Тұжырымдама негізінде ел аумағын­да­ғы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алаңын 12,5%-ға дейін арттыруға мүм­кін­дік туады. Бүгінгі күнде көлемі – 11,3%. Одан тыс, алты ерекше қорғалатын та­биғи аумақ құру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Арал, Жайық орманы, Ертіс жайылмасы табиғи резерваттары, «Түк­ті» ұлттық паркі, Меркі өңір­лік паркі мен Қызылқұм қорығы ашылады. Со­нымен қатар Үстірт, Қара­тау қорық­тары­ның, Ақжайық, Іле-Балқаш резер­ватының аумақ­тары кеңей­тіледі», дейді Д.Тұрғамбаев.

Жаңадан алты ерекше қорғалатын аймақ құрылса, еңбек күшін қажет ететіні анық. Д.Тұрғамбаев бірқатар табиғи аумақ орман шаруашылықтарының ішінен ашылатынын айтты. Ал жаңадан құрылатын аумаққа қызметкерлер тарту қажеттігі туатынын жеткізді.

Ұлттық парктер меншігіндегі таби­ғат аясындағы экологиялық туризм де қар­қын алып келеді. Статистикалық дерек­тер туристер санының біртіндеп өсіп келе жат­қанын аңғартады. Мәселен, был­тыр ерекше қор­ғалатын табиғи аумақ­тар­ға шамамен 2,8 мил­лион адам барған, бұл 2023 жылмен (2,4 миллион адам) салыстырғанда 400 мыңға көп.

Табиғи қорықтар мен ұлттық парктерге кіруге төлем жинаудың ашықтығын қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлық қаупін азайту мақсатында бақылау-өткізу бекеттерін автоматтандыру іске қосыл­ды. Тоғыз бақылау-өткізу бекеті (Баян­ауыл, Сайрам-Өгем, Іле-Алатау, Көлсай көлдері, Шарын) автоматтандырылды, сондай-ақ жүйеге толық көшуі үшін Ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграциялау жұмысы қолға алынды. Еліміздегі барлық мемлекеттік ұлттық табиғи парк банк төлем қызметтеріне (kaspi.kz, homebank) қосылған, бұл келушілерге кіру билеттерін онлайн сатып алуға мүмкіндік береді.

Тұмса табиғаттың басты жауы – өрт. Былтыр елімізде 294 орман өрті тіркелді. 2023 жылмен салыстырғанда табиғи апат азайған. Орман өртінің алдын алу жұмыстары күшейтіліп, комитетке бағынысты мекемелерде қауіпсіздік шаралары тиянақталды. 2023 жылы Семей орманында 63 мың гектар аумақтағы ­6 миллион текше метр ағаш қоры өртенді. Комитет төрағасы тілсіз жау жалмаған аумақтан бүгінгі күнге дейін тек 160 мың текше метр ағаш шыға­рылғанын жеткізді. Мамыр айына дейін арнайы техника сатып алынып, тазалау жұмыстары жанданатынын айтты. Орманшылардың жалақысы 100%-ға өскенін атап өтті.

«Бұдан бөлек, материалдық-техни­ка­лық жабдықтау аясында бірнеше техника сатып алынды. 12,5 млрд теңге сомасына 188 өрт сөндіру көлігі, 227 трактор, 202 патрульдік автокөлікпен толықты. Биыл лизингтік қаржыландыру арқылы 35 млрд теңгеге қосымша бірнеше техника сатып алынбақ. Нәтижесінде, орман өрті қаупі жоғары аймақтарда өрт сөндіру техникасы жеткілікті болады», деді Д.Тұрғамбаев.

Еліміздің жазиралы өлкесінде аң-құс­тың 835 түрі болса, соның ішінде 132-сі Қызыл кітапқа енген. 2005 жылдан бері осы жойылып кету қаупі туған кейбір аң-құс, жануардың қатары қалыңдап келеді. Мы­салы, 20 жыл бұрын жүргізілген са­нақта құландар 1112 болса, былтыр тү­ген­дегенде 4600-ден асқан. Арқар 880 бас­тан 21 мыңға жетті. Қарақұйрық 12 500-ден 15 585 басқа көбейді. Мұның барлығы – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қырағы бақылаудың жемісі.