
Подкастты дәстүрлі түрде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізіп отырды. Талқылауға Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, «Шин-Лайн» компаниялар тобының президенті Андрей Шин және KPMG Кавказ және Орталық Азия серіктесі Болат Мыңбаев қатысты.
Талқылау барысында қатысушылар АҚШ-тың протекционистік саясаты мен жаһандық логистикалық тізбектегі өзгерістерден бастап отандық өндірушілердің сыртқы нарықтардағы позицияларын нығайтуды көздейтін нақты қадамдарға дейінгі тақырыптарға жан-жақты тоқталды.
Сенат төрағасы атап өткендей, Қазақстан экспортқа бағдарланған ел болуы керек. Ал отандық компаниялар жаһандық ойыншыларға айналуы қажет.
«Компанияларымыз дамып, экономикалық, инновациялық, технологиялық тұрғыдан көшбасшылардың бірі болуымыз үшін біз жаңа нарықтарды игеруіміз керек. Қазіргі мүмкіндіктерді әрдайым назарда ұстау қажет. Сондай-ақ мемлекеттің отандық компанияларға сол мүмкіндіктерді пайдалануға қолдау көрсетуі аса маңызды. Мемлекеттік қолдау түсінікті, тиімді болуға және отандық өндірушілердің шетелдік нарықтағы орнын нығайтуға ықпал етуге тиіс», деді М.Әшімбаев.
Подкаст барысында сауда байланыстары мен экспорттық стратегияларды кеңейту жөнінде кәсіби ұсыныстар да айтылды. Бұған қоса қосылған құны бар өнім үлесін ұлғайту, ішкі үздіксіз өндірісті қамтамасыз ету мен тұрақты экспорттық инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелері сөз болды. Подкастың толық нұсқасын YouTube-тағы Taldau Talks арнасынан көруге болады.