Халық • Бүгін, 10:25

Этностарды ұйыстырған құндылық

20 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ежелден қазақ берекенің бастауын ынтымақ, бірліктен іздеген. Тарихи шегініс жасап, өткенге көз салсақ, отарлық езгі мен озбыр саясат ықпалымен келген этнос өкілдерін жатсынбай жәрдем көрсетуі де – қанға сіңген қасиеттен. Демек қазіргі кезең – осынау терең түсінік, өзара сыйластықтың заңды жемісі. Бұл айрықша ұғымды ұлықтап отырған айтулы күнде бойына қазақылық сіңген ауылдағы этнос өкілдерімен тілдестік.

Этностарды ұйыстырған құндылық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

р

Владислав ВЕБЕР,

«Ассамблея жастары» РҚБ мүшесі:

– Зобалаң уақыт талай жан­ды туған то­пы­рағынан ажы­ратып, жат жұрт­­та жан сақтау­ға мәжбүр етті. Сол сү­реңсіз жыл­дарда мың­да­ған адам­ның үміт оты осы қазақ жерінде тұ­тан­­ды. Ме­нің де ата-бабаларым қиын-қыс­тау кезде Солтүстік Қазақстан об­лысына депор­тацияланған. Мың­даған шақырымды артқа тастаған неміс жұртына қазақ халқы төрінен орын беріп, жоқ-жітігін жамады. Сөйтіп әулетіміз Уәли­ханов ауданы Мортық ауы­лын­­да қоныс теуіп, түтінін түтетті.

Көп ортада үнемі өзімді ауылдың ен даласында қара топырағына аунап өскен қазақтың сары домалақ баласымын деп таныстырамын. Өйткені ата-әжем қазақ мәде­ниетін өз ұлтының мәдениетімен қатар сыйлады. Қонақжайлық, кісілік, кішіпейілділік, сабыр мен шүкіршілікті арқау еткен салт-дәстүр, әдет-ғұрып, таным-түсінік біздің болмысқа енді. Бұл рухани тұғыр ел­мен етене жақын­датты. Әркез үлкендердің ақ батасын алуды, туған жердің қадірін білуді, еңбек пен адалдықты бойымызға сіңірді. Оның үстіне 11 жыл бойы қазақ мектебінде білім алдым.

Ес білгелі шаңырағымызда атаулы мерекелерді ерекше сән-салтанатпен атап өтеміз. Наурыз, Айт, Бірлік күнінде әулетімізбен бір дастарқан басына жиылып, ұлттық тағамдар әзірлеп, арқа-жарқа болып отырамыз. Біз үшін бұл – жай ғана мейрам емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр, қазақы болмысты сезініп, бірігетін ерекше күн. Осындай құндылықтарға деген құрмет пен сезім Отанға деген сүйіспеншілігімді тереңдете түсті.

Қазір Ассамблея жастары сапында мемлекеттік тілде жатық сөйлейтін азаматтар қатарының артуына үлес қосып жүрмін. Тілін сыйлағанды қазақ төбесіне көтеріп, төрін ұсынады. Біз де сол ықыласқа лайық болуға, бергенін қайтара алатын азамат болуға ұмтыламыз. Себебі бұл ел – ата-бабамызға тек пана емес, тамырын тереңге жайған төл мекенге айналды.

 

р

Наргиз МАХМУДОВА,

ҚХА мүшесі, волонтер:

– Кеңестік сая­саттың ықпа­лымен еріксіз қоныс аударған жүзден аса этнос өкілі секілді менің де ата-бабам қазақ жерін өз үйіндей қабылдап, осы елде тұрақтады. Дарқан халықтың бөтенді жатсынбай, қиын күнде бауырына басқан кеңдігінің арқасында бұл мекенде талай тағдыр тоғысты. Міне, бүгінде түп-тамыры басқа болса да, бірлік пен берекенің бесігіне айналған киелі жерде шынайы болмысы «қазақ» деген буын қалыптасты.

Жалпы, қазақ пен ұйғырлардың салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, құндылықтары ұқсас келеді. Бізді ата-анамыз бала кезден еңбекке баулып, өзгелерге, өмір сүріп отырған ортаға жанашыр, мейірімді, кеңпейіл болуға үйретті. Бұл тек отбасылық тәрбие емес, айналадан көріп өскен ортақ ұстаным, мәдениет еді. Содан болар айналаға бейжай қарамау, қолдан келген көмекті аямау, шынайы ме­йіріммен жақ­сылық жасау өмірлік ба­ғытыма айнал­ды. Әсіресе қиын-қыстау шақ­­та жәрдем беріп, мұқтаж жан­ның жүзіне күлкі сыйлау мені одан әрі жігерлендіріп, еріктілікке жол салды.

Бір кездері табиғаттың тарпаң мінезі салдарынан болған су тасқыны кезінде, одан бұрын тосыннан келіп, тосырқатқан пандемия тұсында да қарап қалмай, мыңдаған еріктімен бірлесе әрекет еттік. Бірлікпен тірлік еттік. Сонда қарапайым ғана азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу арқылы да үлкен іске үлес қосуға болатынына көзім анық жетті. Себебі ең маңыздысы әрекеттің ауқымы емес, оны қандай ниетпен жасағаның­да екен. Осылайша волонтерлік жай ғана уақытша әрекет немесе қоғамдық міндет емес, жүректен бас­тау алатын өмір салтына айналды.

Әкем ауылда атакәсіп бағбандық­пен айналысып, табиғатпен үндесіп тіршілік етіп келеді. Содан болар ағаш отырғызу, айналадағы жасыл-желекті аялау – жан дүниеме жақын. Бұл да – қайырымдылықпен айналысуға негіз болған дүние. Түріміз бөлек болғанымен, тіліміз – бір, тағдырымыз – ортақ. Біз – біртұтас ұлтпыз. Әр этнос өз мәдениетін, тілін сақтауға, дәстүрін жалғастыруға толық мүмкіндікке ие. Бұл – еліміздегі әділеттің, бейбіт­шіліктің, тең құқықтың дәлелі.

 

в

Валерий МАРИН,

«Кәусар» шаруа қожалығының механизаторы:

– 1991 жылы жеті жасымда Украи­­наның батыс бөлігінен бұ­рынғы Торғай облысындағы Аман­тоғай ауы­­лына наға­шы апамның ша­қы­­руы­мен көшіп келдік. Аяқ басқан ал­ғашқы күннен-ақ көрші-қолаң қонақжай­лы­ғын көрсетіп, шы­найы ба­уыр­малдық танытты. Қазақ сы­­ныбында оқы­­дым. Бі­рақ тілді білім ошағы­нан емес, көшеде балалармен ойнап жүріп тез меңгердім. Осылай болмысыма, тұрмысыма сіңіп кетті.

Кең-байтақ дала бауырына басып, азамат етіп өсірді. Өмірлік жолымды айқындады. Қазір Амангелді ауданының Қара­су ауылын­дағы шаруа қожалы­ғын­да механизатор әрі бақ­­ташы болып жұмыс істеймін. Бұл салада жүргеніме де он жылдан асты. Қыста трактормен жол ашып, қар тазалаймын. Жазда шөп шауып, мал баға­мын. Бұған дейін құ­рылыс пен техника бас­қару секілді түрлі жұмыстарды да істедім.

Қазақ халқы – қара күштің, еңбектің қадірін білген халық. Әрдайым адал­дықты жоғары бағалап, маңдай термен келген нәпақаны берекенің бас­тауы деп түсінген. Бүгінде осы ізгілік жал­ғасын тауып, қоғамда қарапайым еңбек адамына деген сыйластық пен құрмет артып келеді. Жақында ғана Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Алғыс хатын алдым. «Кәусар» шаруа қожалығының басшысы Сағдат Дауғарин бір бөлмелі пәтерге сертификат сыйлап, үлкен қолдау көрсетті. Міне, бұл – мен секілді қазақ жерінде өсіп-өніп, көзге көрінбесе де адал еңбек етіп жүр­ген этнос өкілдеріне деген сенім, алғыстың айқын көрінісі. 

P.S. Бүгінде елге адал қызмет етіп, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, туған жерінің дамуына үлес қосып жүрген өзге этнос өкілдері жетерлік. Владислав Вебердің қазақ тілін насихаттауы, Валерий Мариннің еңбектің қадірін біліп, адал қызмет етуі, Наргиз Махмудованың еріктілік арқылы көпке үлгі болу мысалы – этностарды ұйыстырған қазақы құндылықтардың өміршеңдігін дәлелдей түседі. Бұл – мемлекет тарапынан жасалып отырған тең мүмкіндік пен әділетті саясаттың ғана емес, бірлік пен татулық, толеранттылықтың жемісі.

 

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»