
Суретті түсірген – автор
12 адамды жұмыспен қамтыды
Азық-түлікке пайдаланатын полиэтилен дорбалар сұйытылған газ түйіршіктерінен өндірілсе, қоқыс шығаруға арналған қара пакеттерді қайта өңделген полиэтиленнен жасайды. Өндіріс ошағының басшысы Байжан Жауғашаровтың айтуынша, қолданылған ескі целофан пакеттерді тұрғындардан белгілі сомаға сатып алып, қайта балқытады, пішінін келтіріп созады. Мұның бәрін автоматтандырылған арнайы құрылғылар жасайды. Кәсіпорын иесі әуелде әртүрлі пакетті көтерме бағамен сатып алып, үстіне үстеме қосып, саудалап көрген. Саудасы жүре бастаған соң көлік тізгіндеген. Табанды еңбектің арқасында бұл күнде үлкен кәсіп ашып, 12 адамға жұмыс беріп отыр.
– Кәсіпті бастамас бұрын, сатып көру керек. Егер сұраныс болса, сол дүниені өндіруге болады. Мен өзім пакет сатуды бұрын бастадым. Тұрақты тұтынушыларым бар. Сұраныс болған соң неге өзімізде өндірмеске деген ой келді. Нартәуекел деп, екі станок сатып алып, іске қостым. Өз-өзін ақтады, пайда түсіре бастады. Сөйтіп, кеңейе бердік. Ғимаратты да өз күшіммен көтеріп алдым, – дейді «Bereket» ЖШС басшысы Байжан Жауғашаров.
Бәсекелестердің бәрінен озды
Пакет шығару өндірісі дөңгелей бастаған соң бәсекелестер де пайда болған. Алайда әріптестерінің кәсібі ұзаққа бармаған көрінеді. Өйткені Байжан Жауғашаров бұл нарыққа бәрінен бұрын келді. Үздіксіз жұмыс істеп тұрған кәсіпорыннан күніне 1 тонна пакет шығады. Көбіне дорба мен құлақты пакеттер шығарады. Ең сұранысқа иесі осылар. Әйтпесе, цехта тұрған станоктар қызылды-жасыл пакеттің түр-түрін шығаруға қауқарлы. Соның өзінде қаладағы нарықтың 20%-ын отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр.
– Сауда-саттықпен айналысқандықтан полиэтилен пакеттерді күнделікті қолданамыз. Тұтынушыларымызға алған азық-түліктерін осындай пакетке салып береміз. Отандық өнім болғандықтан ғана емес, сапасы да ұнайды. Оның үстіне, жақын жерден алып отырамыз, – дейді жеке кәсіпкер Ботакөз Бақытбекқызы.
Сапалы өнімге сұраныс мол
Полиэтилен пакеттерін өндіру бірнеше кезеңнен тұрады. Станоктар автоматты болғанымен, бәрібір маман қолын қажет етеді. Ең бірінші полиэтилен түйіршіктерін арнайы резервуарларға салып, белгілі бір температурада балқытады. Қажет болған жағдайда түстер мен беріктік қасиеттерін арттыру үшін қоспалар қосылады. Балқытылған полиэтилен экструдер құрылғысы арқылы жұқа пленка түрінде қалыптасады. Ол жоғары температурада созылып, жұқартылады. Осы кезеңде пленкаға түрлі түстер немесе логотиптер басылуы мүмкін. Қалыптасқан полиэтилен пленкасы роликтер арқылы салқындатылып, қажетті пішінге келтіріледі. Кейін ол үлкен орамдарға жиналады немесе нақты өлшемдер бойынша кесіліп дайындалады. Кесілген пленкадан пакеттердің түпкілікті формасы жасалады. Пакеттердің түріне байланысты, олардың жүк көтеру мүмкіндігі тексеріледі. Дайын болған пакеттер сапа бақылауынан өткізіледі. Кейін олар қапталып, сату орындары мен тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Бұл жұмыстарға мамандар әбден машықтанып алған. Олар шикізат сапасын, температуралық режімді және пленка қалыңдығын қадағалайды.
– Аппараттың барлығын өзіміз реттейміз. Пакеттің өлшемі, температурасы қолмен қойылады. Барлығын реттеп алған соң, автоматты түрде өнімді шығара береді. Ал жалақымыз жұмысымыздың көлеміне қарай уақтылы төленеді, – дейді осы кәсіпорында бес жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман Серік Жұмабеков.
«Bereket» ЖШС шығарып отырған пакеттер арзан әрі күнделікті тұрмыста қолданылады. Сондықтан сұраныс кемімейді. Оның үстіне сапасына сын жоқ. Құлақты пакеттері 5-15 килоға дейін жүк көтереді. Қоқысқа арналған пакеттер тіптен мықты.
Келесі кезең – пластик бөтелкеден құбыр шығару
Байжан Жауғашаровтың ендігі ойы – пластик бөтелкелерді қайта өңдеп, құбыр шығару. Ол бір жағынан кәсіп көзі десек, екінші жағынан табиғатқа шашылатын полипропилен бөтелкелердің азаюына сеп болады. Егер құбыр шығаратын станок қойылса, тұрғындар қоқысқа тастайтын бөтелкелерді жинастырып, аталған кәсіпорынға апарып өткізулері әбден мүмкін. Осылайша, айнала зиянды қалдықтардан тазалана бермек.
Бұл әзірге жоспар. Десе де, жүзеге асуы әбден мүмкін. Кәсіптің қыр-сырын әбден меңгерген Байжан алдымен құбырларды көтерме бағамен сатып алып, қайта сатып көреді. Егер сұраныс жоғары болса, арнайы құрылғылар алып, өзі өндіреді. Әзірше, пакеттен пайда тауып отыр.
Шығыс Қазақстан облысы