
Бұл жиынның негізгі мақсаты – Батыс этнографтары, шығыстанушылары, саяхатшылары мен лингвистерінің көзқарастары арқылы Орталық Азияның тарихи мұрасын кеңінен насихаттау. Көрме Мажарстанның Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, танымал мажар шығыстанушысы және саяхатшысы Арминиус Вамберидің еңбектеріне арналды. Экспозицияда оның 1868 жылы жарық көрген «Орталық Азияға саяхат» атты кітабынан цифрланған фотоматериалдар мен тарихи суреттер топтамасы қойылды. Көрмеге Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, тарихшылар, халықаралық сарапшылар және журналистер қатысты.
«Арминиус Вамбери – әлемдік түркітанудың негізін қалаушылардың бірі. Оның еңбектері Мажарстан мен Орталық Азия халықтары арасындағы рухани байланыстың берік негізін қалады. Соның арқасында қазақтар мен мажарлар арасындағы туыстық сезім бүгінге дейін сақталып отыр. Біз әрқашан да осындай маңызы зор көрмелер мен рухани, мәдени бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Себебі мұндай жиындар екі ел арасындағы байланысты нығайтып, студенттерімізге өз елінің бай мұрасын терең меңгеріп, әлемдік мәдениеттермен танысуға мүмкіндік береді», деді Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона.
Іс-шарада көрме қонақтары цифрланған архив материалдарымен (National Geographic) танысып, қазақ халқының әр кезеңдегі тарихи сәті мен мәдениетін тамашалады.
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов та өз ойын білдіріп, көрменің маңызы мен өзектілігіне тоқталды.
Айта кетейік, Maqsut Narikbayev University-де жастардың рухани-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағыттағы басты жұмыстардың бірі – студенттердің «Қазақстан тарихы» пәнін жаңа форматта меңгеруі. Оқытудың бұл үлгісінде теориялық біліммен қатар, еліміздің тарихи орындарына бару, сондай-ақ театрландырылған қойылымдарға қатысу сынды тәжірибелік элементтер де қамтылған.