
«Қашар кені» АҚ-ға қарасты жылу орталығы кәсіпорынның өндіріс алаңымен бірге, бүкіл елді мекенге жылу, ыстық су береді. Бұған дейін технология мүмкіндігі болмаған соң, кент тұрғындары жазда ыстық сусыз қалатын. Күрделі жөндеу жұмысы аясында орталықтың энергетикалық қондырғылары толықтай жаңартылып, жылу маусымынан тыс уақытта да ыстық су тарату мәселесі шешімін тауып отыр.
«Биыл бірінші рет күн жылыған соң да ыстық су тоқтаған жоқ. Соған бәріміз қуанып жатырмыз. Жылда жылу маусымы басталғанша, электр су жылытқыштарын пайдаланатынбыз. Оның да қолайсыз тұстары көп, мұндай құрылғылар орын алады әрі электр энергиясын шығындайды. Енді, міне, шүмекті ашсаңыз болды, ыстық су ағады», дейді Қашар кентінің тұрғыны Алена Пономарева.
Жылу орталығын қайта жаңғырту жобасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Орталық бастығы Александр Петрушков-тың айтуынша, әуелі Қашар кентінің газ тарату пунктінен жылу орталығына дейін жерасты газ құбыры салынған.
«Одан кейін газды реттеу пункті орнатылды. Көмір қазандықтары газ қазандықтарына ауыстырылды. Газ шығаратын жаңа құбырлар салынды. Жылу орталығының газға ауыстырылуының пайдасы көп. Біріншіден, елді мекеннің ауасы тазарады. Газ – отынның ең қауіпсіз түрі, көмірге қарағанда, құрамында зиянды заттар аз. Екіншіден, тұрғын үйлер мен кәсіпорын ғимараттарында жыл бойы жылы су үзілмейтін болады. Үшіншіден, газбен жанатын қазандықтардың автоматты басқару жүйесі бар. Бұл да осындағы мамандардың жұмысын едәуір жеңілдетеді», дейді А.Петрушков.
Қостанай облысы