Қазақстан • 29 Сәуір, 2025

Мемлекеттік қызметшілер тиімді жобамен түрік тілін үйренеді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жүзеге асырылып жатқан «Бір тіл, бір әлем» жобасы аясында мемлекеттік қызметшілер қазақ тілі арқылы түрік тілін меңгереді. Бұл – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған, заманауи әрі нәтижелі тың жоба саналады, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік қызметшілер тиімді жобамен түрік тілін үйренеді

Аталған бастама – Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. 30 жыл бойы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарып келе жатқан ҚХА-ның XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып қала беретінін атап айтқаны мәлім. Аталған миссияны жалғастыра отырып, Мемлекеттік басқару академиясы «Өзгерістер кеңсесі» мен Электоралдық оқыту орталығының бастамасымен тілдік әрі мәдени бастамаларға ұйытқы болып отыр.

Жоба шеңберінде Академияның қызметкерлері мен магистранттары, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері түрік тілінің бастапқы деңгейін екі жарым ай ішінде қазақ тілі арқылы меңгеріп жатыр, ерекшелігі – оқыту тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылуы.

Жоба алғашқы нәтижесін де берді. Нақты айтқанда сәуір айында Академияның магистранттар тобы Анкарада тағылымдамадан өтті. Олар түрік тілінде еркін сөйлесіп, оқу барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдана алды.

«Академияның Электоралдық оқыту орталығы ұйымдастырған бұл жоба біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Бар болғаны бірнеше аптаның ішінде А1 деңгейін меңгеріп, алған білімімізді Түркияда сәтті қолдандық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз», дейді магистрант Әсел Бөкен.

Ал, Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Құлшар Қалыбектің айтуынша, тіл курсынан алған білімдері Анкарада түрік азаматтарымен еркін сөйлесуге жол ашқаны – үлкен жетістік.

фото

Айта кеткен жөн, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – елдің ертеңін айқындайтын мемлекеттік басқару саласының көшбасшыларына білім беретін ерекше мәртебелі оқу орны. Ал көп тіл білу – қазіргі заман басшысы үшін қажеттілік.

Аталған академияның магистрантура және докторантура білім бағдарламаларына оқуға құжат қабылдау осы жылдың 1 сәуірінен 25 маусымына дейін жалғасады.