
– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасы ел-жұртпен мейлінше етене болуды көздейтіні белгілі. Қала әкімдігі тұрғындардың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне қаншалықты көңіл бөліп отыр?
– Халықпен кері байланыс орнату – басты міндетіміз. Ашық алаң форматында тұрғындарға жоспарымызды, атқарылып жатқан жұмыстың жайын едел-жедел жеткізіп отырғанды жөн көреміз. Әкімдер жылына тұрғындармен екі рет кездесу өткізу керек болса, біз шағын ауданға бөліп, ай сайын өткізіп жатырмыз. Себебі бүкіл қала халқы кездескенде қойылатын сұрақтар әртүрлі, бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан осындай тәсілге көштік. Әр жоспарды жүзеге асыру үшін өз бюджеті болады. Біздің бюджет үлкен емес. Тығырыққа тірелгенде облыстан қаражат сұраймыз. Үлкен жобаларға республикадан бөлінеді. Мысалы, қаламыздың бюджеті 9 млрд теңге болса, былтыр біз 6,5 млрд-ға кәріз желісін ауыстырдық.
– Қала тұрғындарының ең жиі қоятын сұрағы жол мәселесі. Жолдардың күрделі жөндеуден өтуіне не кедергі?
– Жол мәселесі өте өзекті. Өкінішке қарай, Сәтбаев қаласында жақын арада жолдар тақтайдай тегіс болады дей алмаймыз. Оның себебі бар. Қандай жол бірінші кезекте жөнделу керек? Бірінші, әлеуметтік көлік жүретін жол. Екінші, таяу уақытта құбырлары, коммуникациялары ауыспайтын жолдар. Осы қағидатты алға қойдық. Қаламызда аулаішілік, үлкен көшелерді қосқанда 91 шақырым жол бар. Қала жолдарына кейінгі үш жылда күрделі жөндеу жасалмаған. Осыған дейін жол жөндеу ағымдағы және орташа жұмыстармен шектелген. Биыл қаланың басты көшелерінің бірі Абай көшесіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Абай көшесінің ұзындығы 1,6 шақырымды құрайды. Ұлытау көшесінен, Сәтбаев даңғылына дейін жол екі метрге ұзарып, екі жағынан суағар салынады. Жобаның жалпы құны – 1 млрд теңге. Оған қалалық бюджеттен қаражат бөліп отырмыз. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жолданды. Нәтижесі шыққаннан кейін, жұмыс басталады. Сегіз көшені орта жөндеуден өткізуге облыс 560 млн теңге қаражат бөлген. Әзірге жолдардағы шұңқырларды жабу үшін облыс көлемінде тұңғыш рет жаңа технологиямен суық битумды асфальт төсеу жұмысы басталды.
Сәтбаев қаласындағы қазандықтан қаладағы тұрғындарға жылу төрт магистралдық жылу желісі арқылы беріледі. 1976 жылы салынған төрт магистралдық жылу желісі 50 жыл бойы ауыстырылмаған, тек ағымдағы жөндеумен отырған. Биыл күрделі жұмыс жүреді. Төрт желінің екеуіне республикадан 9 млрд теңге қаражат бөлінеді. Сол 9 млрд-ның конкурсы жарияланып, мердігерлер анықталып, мамыр айында жұмысқа кіріседі. Екі мердігердің бірі – Астана, бірі – Сарыағаш компаниясынан. Тәжірибесі мол үлкен компаниялар. Осы екі магистралдық жылу жүйесін ауыстыратындықтан біраз көшелер жөндеуден өтпейді.
– Жерасты жылу құбырын ауыстыру жұмысы қанша уақытқа созылуы мүмкін?
– Қаладағы №1,2 шағын ауданның басым бөлігі №1 магистралдық жылу желісіне қарайды. Биыл Мәңгілік ел көшесі (Ұлытау көшесінен Сәтбаев даңғылы қиылыстарына дейін) бойында орналасқан желіге күрделі жөндеу жүргізіледі. №1 магистралдық жылу желісі 2026 жылдың жазында бітеді. Ал №2 магистралдық жылу жүйесі биыл қазан айында аяқталады. Жер астындағы құбыр ауысқаннан кейін үстіне қайтадан топырағын төсейді, сосын бірден асфальт салуға болмайды. Себебі бұл жер отырғаннан кейін салынады. Нақтырақ айтсақ, биыл құбыр жұмысы бітсе, асфальтты келесі жылға қалдырамыз. Кем дегенде екі маусым тұру керек. Егер үстіне жылдамдатып асфальт салсақ, жарылып кетеді. Одан кейін №3,4 магистралдық жылу желісін ауыстырамыз. Оны ауыстыруға «Қазақмыс» корпорациясы меморандум аясында жобалық-сметалық құжаттар дайындап жатыр.
– Тағы қандай себеп бар?
– Сәтбаев қаласына жер үйлерге газ келеді. 2026 жылы газ келсе, 2027 жылы газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Биыл жолды жөндеп, келесі жылы газ тартып жатсақ, асфальтқа жұмсалған қаражат далаға кетеді. Газ Сәтбаев қаласына аса қажет. «Kazakhmys Distribution» меншігіндегі қазандықтың тозуы 75 пайызға жетті, алпыс жылдан астам жұмыс істеп келеді. Адам саны көбейіп жатыр. Шағын және орта бизнес саны артты. Оның барлығын қамтуға қуаттылығы жетпейді. Осы қазандыққа жеңілдік беру үшін қаланың маңында «Қазақ ауылы» деген шағын аудан бар, сол елді мекендегі 2500 үйді газға ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттама биыл аяқталса, қаражат сұрап, келесі жылы газ құбырын тарта бастаймыз. Қазір газ Жезқазғанның Кеңгір ауылына келді. Кеңгірден Сәтбаевқа келеді. Біздің қаладан әрі Ұлытау ауданына барады. Газ тартылған соң қаланың төменгі жағында жол жөнделеді. Қазір халықтан жинаған қаражатқа жол жөндеп, келесі жылы құбырын ауыстырып жатсақ, қыруар қаржы желге ұшады.
Әңгімелескен –
Жұлдыз ТОЙБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Ұлытау облысы