
Ол 1910 жылы ақпан айында қазіргі Абай облысы Абай ауданына қарасты Арқат ауылында дүниеге келген. Өнер қонған әулеттен шыққан. – Атасы Терлікбай ақынжанды, сөзге шешен адам болса, әкесі Мұсабек ұзын бойлы, көк көзді, батыр тұлғалы жан болған. Әке жолын жалғаған Омархан да еңселі, екі иығына екі кісі мінгендей денелі, өзі өнерге жақын, көптің алдына шығып, ел ықыласына бөленген азамат ретінде қалыптасты. Домбыра шертіп, сырнай тартып, ән салып ел ішіндегі думанның көркін қыздырған өнерпаздың қатарынан еді. Қала берді, аздап өлең шығаратын ақындық қасиеті де болған. Өз заманында «бес Аягөзді аузына қаратқан» өнерлі азаматтардың бірі болған. Жастық шағын өзінің жан досы, елге белгілі өнер иесі, халық әртісі Жүсіпбек Елебековпен бірге өткізген. Әкемнің айтуынша, ел аралап жүрген өнер адамдары 1936 жылы Алматыға филармонияға шақырған екен. Досы Жүсіпбек Алматыға аттанады да, әкем ел мен жерін қия алмай, туған топырағында қалуға бел буған.
Соғыс басталған беттегі ең бір сұрапыл кезеңде – 1941 жылдың 11 тамызында әскер қатарына алынып, Мәскеу түбінде 63-артиллериялық полкінің құрамында 30-артиллериялық дивизияда қатардағы жауынгер, кейін сержант шенінде майданға қатысады. 1944 жылы күзде болған бір шайқаста 25-30 метр қашықтықта жарылған снаряд жарықшақтарынан екі тізесінен ауыр жараланып, өлім мен өмір арасында қалады. Жаралы күйде жорғалап, арасында ауық-ауық есінен танып, қайта ес жиып, жол бойындағы өзге жаралы офицерді сүйреп келе жатып, санитарларға кезігеді. Сөйтіп, дереу госпитальге жеткізіледі. Дәрігерлер екі аяғын кесуді ұсынады, бірақ әкем дәрігерлердің шешіміне қарсылық білдіреді. Әйтеуір екі аяғы аман қалып, ұзақ емделіп, қайтадан майдан даласына оралады.
1945 жылы сәуірде Берлин үшін болған соңғы ұрыстарға қатысады. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөздің растығы болар, Жеңістен кейінгі бейбіт өмірдің ауасын жұтып, сол жылдың қыркүйегінде көрер жарығы бар әкем елге аман-есен оралып, әскери міндеттен босатылады.
Соғыстан кейін Аягөздегі вагон жөндеу депосында автоматшы болып жұмыс істеп, сол мекемеден 1970 жылдың 1 ақпанында зейнетке шықты. Бұл күн оның туған күні ретінде ресми белгіленіп, оны ұжымдастары зейнет демалысына құрметпен шығарып салды.
Соғыс жылдарындағы ерен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Ерлігі үшін», басқа да медальдармен марапатталған.
Сол кезде мектептегі, кеңшардағы Жеңіс күніне орай өтетін кездесулерде соғыс туралы естеліктерді көп айта бермейтін. Кездесулерде ғана емес, үйде өзіміз отырған кездерде де бұл тақырыпқа сөз қозғағысы келмейтін. Ол ауыр естеліктерді ішіне бүгіп, еңбекпен елге қызмет етуді таңдаған жандардың бірі еді.
Әкем 1989 жылдың 19 шілдесінде Аягөз қаласында дүниеден өтті. 1985 жылы өмірден озған жұбайы Шәрбану Рақымқызының жанына жерленді. Артында 6 ұл, 1 қыз қалды. Барлығы да жоғары білім алып, түрлі салада еңбек етті, ел дамуына өз үлесін қосты. Дүниеден өткендері де бар, қалғандары әлі де еңбектеніп келеді. Әкенің ерен еңбегі мен тағылымды өмір жолы – ұрпаққа өшпес өнеге, сарқылмас рухани мұра.
Жеңістің 80 жылдығы тұсында бізге бейбіт өмірді сыйлаған әкелеріміз, олардың майдандас достары еске түседі. Қаншама жанның отбасына қайғы әкелген, ананы баладан, баланы әкеден айырған, зардабы әлі күнге дейін сезілетін сұм соғысқа лағнет айта отырып, жеңісті жақындатқан батыр әкелеріміз бен аталарымыздың рухына мәңгілік тағзым етеміз.
Қалижан МҰСАБЕКОВ,
Астана қалалық көпсалалы медицина орталығының дәрігері