Жәдігер • 29 Сәуір, 2025

Басқамыр жәдігері

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қа­рай 83 км жерде Жезді өзе­нінің сол жақ жаға­лауын­дағы Басқамыр қалашығынан табылған.

Басқамыр жәдігері

1988–1994 жылдар ара­лығында белгілі археолог Жұман Смайлов жетекшілігімен Жезқазған тари­хи-археологиялық му­зейінің қызмет­керлері Басқамыр көне қалашығына археологиялық қазба жұмысын жүр­гі­зіп, нәтижесінде, қала­шықтан кера­­­ми­кадан жасал­ған ыдыс-аяқтар, жа­нуар сүйектері, әше­кей бұ­йымдар, темір кенімен қатар, ең ерекше зат – құлақтазалағыш табылған. Музей қо­ры экс­педиция барысында 741 жә­дігерге толықты.

«Құлақтазалағыш 6-тұрғын үйден кейін, цитадельдің оң­түстік-батыс қабырғасында ор­наласқан 7-тұрғын үйден та­былған. Балқытылған мыстан арнайы қалыпқа құйылып жасалған. Оны құлақтазалағыштың бөрінен (заусеница) байқауға болады. Құлақтазалағыш қайықтың ескегіне ұқсайды, тұтқасының жоғарғы жағында ілгегі бар. Жоғарғы бө­лігіндегі дөңгеленген тұтқасы сабағына ауысады. Ұзындығы 10 см, тұтқасының ені 4,5 см. Тұтқасында жағалай ашық айқын жиектері және орталық бөлігінде кестелі өрнегі бар. Бұл өрнекті бір жағынан астыңғы бөлікте жайқалған жапырағы бар трилистик өсімдігіне ұқсатса, екін­ші жағынан зооморфты, яғни қанаты жайылған құсқа да ұқсатады. Құ­лақтазалағыш сабағының келесі жағы тереңдетіліп жасалған», дейді Ұлытау облысының тарихи-археологиялық музейінің аға ғы­лыми қызметкері Айдана Жан­босынова.

Құлақтазалағыштың оғыз-қыпшақ тобына тие­сілі Х ға­сыр­дағы Волга-Урал жаға­лауындағы Сер­­келде (қала­шық), Донның төменгі жағындағы тарихи-архео­логиялық жәдігерлермен ұқ­састығы бар. Сростин мә­де­ниетіне тиесілі Ур-Бедари же­рінде табылған Х ғасыр мо­ла­сындағы құлақшұқығыш ға­лым Л.М.Гавришиннің пікі­рі бо­йынша «оғыз-қыпшақ құлақ­шұқы­ғыш­тарына ұқсас. Мұның сакралды маңызы бар болуы мүмкін» деген пікір білдіреді.

Құлақтазалағыш ең бірінші – жеке бас гигиенасы ретінде, екіншісі – бәле-жаладан, жамандықтан сақ­тайтын тұмар ретінде, үшін­шісі әшекей бұйым ретінде де қол­данылған. Әйелдер оны бұры­мына әшекей ретінде тақса, ал кейбі­реулері белдіктің әшекейі ретінде пайдаланған.

 

Ұлытау облысы