Мәселен, Абай музейі 1940 жылы ашылған мәдени нысанның облыс аумағында 9 филиалы жұмыс істейді. Музей қорында 22 мың жәдігер бар.
Облыс әкімі музейдің қор сақтау бөлімі мен кітапханасын аралап көрді. Қор сақтау бөлмесінде 20 мыңнан астам жәдігер, кітапханада 16 мыңнан астам кітап сақталған. Кітапхана ашылғалы бері жөндеу көрмеген. Жертөледе орналасқандықтан сыз тартып, құнды кітаптар мен жәдігерлер бүліне бастаған.
«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени музейінің директоры Ұлан Сағадиев аймақ басшысына Жидебайдағы қорықты қоршау, Абай-Шәкәрім кесенесіне және филиалға қарасты аудандардағы музейлерге жөндеу жүргізуге көмек көрсетуді сұрады.
Облыс әкімі музейде абайтанушы Арап Еспенбетов және белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлымен кездесті. Зиялы қауым өкілдері өңірдің руханияты мен мәдениетіне қатысты ойларын ортаға салды. Мәдени нысанға ұлттық мәртебе беру жөнінде ұсыныстарын айтты. Аймақ басшысы ұсыныстарды ескеріп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейі 1870 жылы салынған. 600-ден астам құнды жәдігер сақтаулы. Мұнда 72 адам еңбек етеді. Нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимараттың қасбеті, едені ескіріп, кейбір бөлмелердің қабырғаларында жарық пайда бола бастаған. Қалыпқа келтіру үшін ғылыми-жобалық құжаттама әзірленген.
1883 жылы құрылған тарихи-өлкетану музейі - еліміздегі ең көне мәдени нысандардың бірі. Мекемеде 81 қызметкер еңбек етеді. Аудандарда 5 филиалы бар. Мұндағы өзекті мәселе - ғимараттың тарлығы. Қорда сақталған 137 мыңға жуық жәдігер су, жылу құбырлары өтетін ескі жертөледе орналасқан.
Федор Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей 1971 жылы жазушының 150 жылдығына орай ашылған. Қаламгердің құнды мәліметтері сақталған үздік үш музейдің қатарына кіреді. Мұнда XVIII-XIX ғасырлардағы сирек кітаптар мен құнды жәдігерлер сақталған. Жалпы саны 27 мыңнан астам экспонатты цифрлық форматқа көшіру үшін арнайы сканер қажет. Бұл ғимаратқа да күрделі жөндеу жүргізілмеген. Шатырдан су ағып, экспозициялық жабдықтар мен монументалды суреттерге залал келген.
Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінің директоры Татьяна Стромская мен Федор Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры Ирина Соловьева облыс әкіміне өздері басқарып отырған мекемелердің ғимараттарын кеңейту, дамыту бойынша ұсыныстарын айтты.
Аймақ басшысы қаладағы мәдени нысандарға кезең-кезеңімен жаңғырту жүргізілетінін жеткізді.
«Бүгін Семейдегі музейлердің тыныс-тіршілігімен, өзекті мәселелерімен таныстым. Бұл мәдени нысандар осы уақытқа дейін әбден қараусыз қалған екен. Барлығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жертөлеге түсіп, құнды жәдігерлердің қазіргі жағдайын көрдім. Өкінішке қарай, күн өткен сайын тозып, бүлініп барады. Заман талабына сай жабдықтамасақ, бағалы мұраларымыздан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан музейлерді жөндеуді биылдан бастаймыз», деді облыс әкімі.
Бұдан соң аймақ басшысы Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхананың өзекті мәселелерімен танысты.
Театр ғимараты 1981 жылы салынған. Қазіргі таңда мұнда 238 адам еңбек етеді. Нысанда үш шығармашылық ұжымның бірге жұмыс істеуіне байланысты қосымша бөлмелер тапшы. Ғимаратта 44 жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жылу және су жүйелерін ауыстыру қажет. Актерлердің жетіспеушілігі, оларды тұрғын үймен қамту, техникалық қызметкерлердің жалақысының аздығы айтылды.
Аймақ басшысы театрда бұрын осы ұжымды басқарған Адай Азаматовпен кездесіп, мәдениет ошағын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана 1974 жылы салынған. Кітапханада 400 мыңнан астам кітап қоры бар. Сирек кездесетін кітаптар және қолжазбалар қоры 5 жарым мыңға жуықтайды. 19 мыңнан астам тұрақты оқырман бар.
Мұндағы өзекті мәселенің бірі – бөлмелердің тапшылығы. Қазіргі уақытта кітапханада 4 мекеме жұмыс істейді. Мекеме директоры Мерей Қарт орын жетіспегендіктен сирек қордағы құнды кітаптар мен мерзімді басылымдар жертөлеге орналастыруға мәжбүр екендіктерін жеткізіп, көмек көрсетуді сұрады. Кітаптарды цифрлық форматқа көшіру үшін арнайы сканер алу қажеттігі туындап отыр.
Кітапханада облыс әкімі ақын, өнер жанашыры Құсмілия Нұрқасыммен кездесіп, аймақтың руханиятына қатысты ой-пікірлерін тыңдады. Аймақ басшысына мәдени нысанға ұлттық мәртебе беру жөнінде ұсыныс айтылды.
«Екі мәдени нысанның да мәселелерін жақсы білемін. Екі мекеме қызметкерлері де қолайсыз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Күрделі жөндеу жүргізілмегендіктен жылу, су желілері әбден тозған. Театрға ағымдағы жөндеуді бастаймыз. Абай театрының мәселесіне Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Президенттің өзі назар аударып, Үкіметке Семейде жаңа театр салуға тапсырма берді. Ал Абай музейі мен облыстық әмбебап кітапханаға ұлттық мәртебе беру туралы ұсынысты тиісті орындарға жеткіземін», деді аймақ басшысы.
Абай облысы