«Тарихы мыңжылдықтармен астасып жатқан Тараз жерінде жарық көрген жаңа журналдың өз миссиясы бар. Ең бастысы – бабалар аманатына адал болу керек. Ұлт тарихы, әдебиет пен мәдениеттің, ғылымның жаршысына айналатын журналдың сапалы шығуын редакция ұжымы қаперден шығармайды деген сенім зор. «Tekturmas» - өңірдің рухани кеңістігін кеңейтіп, талантымен танылған қаламгерлер мен жас зерттеушілердің жаңашыл қадамына жол ашатын мінбер», деді өңір басшысының орынбасары Серік Сәлемов журналдың таныстырылымында сөйлеген сөзінде.
«Tekturmas» журналының бағыт-бағдары туралы сөз қозғаған «Aulieata media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлының айтуынша, алдағы уақытта жаңа басылымның таралымын арттыру бойынша жан-жақты жұмыс жүргізілмек.
Іс-шара барысында сөз алған белгілі қаламгер Пернебай Дүйсенбин Жамбыл өңірінің тылсымға толы тарихы әлі талай жылдар бойы зерделенетінін атап өтіп, жаңа журнал ұжымы тарих пен әдебиетті, мәдениет және ғылым тақырыбын тереңнен қаузауға ден қойғаны абзал екенін тілге тиек етті.
«Соңғы жылдары өңір руханиятына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Облыс басшысының ықпалымен қаламгерлерге берілетін стипендия көлемі артты. Ақын-жазушылардың жинағын шығару ісі де мықтап қолға алына бастады. Қалай десек те, жамбылдық қаламгерлер соңғы уақытта биліктің жылы көзқарасын сезініп отыр.
Жаңа журналдың ашылуы – өңірде атқарылған игі істердің заңды жалғасы. Тараз – қазақ тарихының темірқазығы. Әулиеата жерінде алғашқы қауымдық өркениеттен бастап, әр дәуір жәдігерлерін көп кездестіреміз. Әйткенмен, бізде тарихқа терең бойлайтын мамандар тапшы екені рас. Сондықтан жаңа журнал ұжымы алдағы уақытта білікті зерттеушілермен тізе қосып жұмыс істеп, оқырман ықыласына бөленеді деген сенім зор», деді жазушы-драматург Елен Әлімжан.
Іс-шара соңында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, қаламгерлер Елен Әлімжан, Пернебай Дүйсенбиннің қатысуымен жаңа журналдың тұсауы кесілді. Айына бір рет жарық көретін журналдың бас редакторы қызметіне әріптесіміз Маржан Рақай кірісті.
Тараз