Білім • 28 Сәуір, 2025

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау аяқталды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025 жылғы негізгі ҰБТ-ға өтініштер қабылдау аяқталғанын хабарлады. Тестілеу 16 мамырда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Талапкерлер негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, ең үздік нәтижесімен грант конкурсына қатыса алады, деп жазады Egemen.kz.

Негізгі ҰБТ-ға өтініш қабылдау аяқталды

Фото: Ұлттық тестілеу орталығы

216 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 399 мыңға жуық өтініш берген (2024 жылы – 186 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 342 мың өтініш). 

ҰБТ-ға өтініш берушілердің басым бөлігі, 16,5%-ы «Математика-Физика», 15,6%-ы «Биология-Химия» пәндер комбинациясын таңдаған. 9,7%-ы «Математика-Информатика» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 285 адам тапсыруды жоспарлап отыр.

ҰБТ-ға қатысу үшін талапкерлер Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz сайты немесе UTO.kz қосымшасы арқылы өтініш берген. Талапкерлер тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгіледі.

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. ҰБТ тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырмадан. Жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.

Талапкерлер мазмұны бойынша апелляцияға өтінішті тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге, ал техникалық апелляция бойынша өтінішті тестілеу барысында беруге болады. Сертификат апелляция қаралғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.