
Турнирге Лос-Анджелес, Сан-Диего, Сакраменто, Сан-Хосе, Хьюстон, Чикаго және Лас-Вегастан келген қазақ командалары қатысты. Жарыс бір күнге созылып, қатысушылар мен жанкүйерлер арасында жақсы әсер қалдырды.
Айтарлығы, игі шара АҚШ-тағы қазақ диаспорасы үшін тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жаңа достық байланыс орнату, ортақ құндылықты бөлісу мен ұлттық бірегейлікті сақтау жолындағы үлкен қадам болды. Qazaq Unity Cup-тың алдағы жылдары дәстүрлі түрде өтетіні жоспарланып отыр.
Елдегі істің шетелдегі жалғасы
Шалғайдағы отандастардың басын қосып, спортқа баулып жүрген Unity Leagues компаниясының негізін қалаушы Талғат Тоқберген деген азамат. Ол Оңтүстік Калифорнияда әуесқой спортшыларға арналған лига мен турнирлер ұйымдастырумен айналысады.
Бұл істе Талғаттың тәжірибесі мол. 2014 жылы Алматы қаласында Unity League атты алғашқы әуесқой футбол лигасын құрды. Бұл жоба сәтті іске асып, әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Кейінірек Астанада «Бірлік лигасын» ашуға көмектесіп, оның дамуына зор үлес қосты. Ал 2016 жылы Астана, Қарағанды, Шымкент, Қызылорда мен Алматы қалаларынан жиналған командалар арасында жалпықазақстандық футбол лигасын ұйымдастырды. Әрбір ізгі ісі Талғаттың сан қырлы қабілетін шыңдап, болашақ жобаларына берік іргетас қалады.
Жылдың жақсы жоспары
Биыл Unity Leagues жаңа жобалар арқылы өз кеңістігін кеңейтуді көздеп отыр. Компания алдағы мамыр айында әуесқой ойыншылар арасында волейболдан турнир өткізеді. Жазда апталық форматтағы тұрақты мини-футбол лигасын ашады. Сондай-ақ жылдың екінші жартысында АҚШ-тың басқа штаттарында Unity Leagues филиалдарын құруды жоспарлап отыр. Бұл арқылы компания өзге аймақтардағы әуесқой спорт сүйер қауымды біріктіруді көздейді.
Бірлікке үндейтін үлгілі іс
Негізі Талғат Тоқбергеннің бастамалары тек спортпен шектелмейді. Ол АҚШ-тағы қазақ жастарын, отбасыларын және жалпы қауымды біріктіруге бағытталған ауқымды идеяларды жүзеге асырып жүр. Спорт – адамдарды жақындастыратын, достықты нығайтатын, әрі ұлттық рухты сақтап қалуға сеп болатын күшті құрал. Qazaq Unity Cup пен алдағы Unity Leagues жобалары осының жарқын дәлелі.
25 сәуір – Қазақстан футболы күні
2002 жылы дәл осы күні еліміз УЕФА-ға толыққанды мүше болып қабылданды. Бұл отандық футбол үшін жаңа кезеңнің бастамасы болды. Содан бері ел футболы еуропалық деңгейде дамуға ұмтылып келеді.