
Кездесу барысында саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, көліктік өзара байланысты дамыту, сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлермен бірлескен күресу, сондай-ақ өңірдегі орнықты даму мен экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне басты назар аударылды. Орталық Азияның Қытаймен өзара сыйластық пен теңдік қағидаттарында көпжақты өзара іс-қимылының архитектурасын жақсарту жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Тараптар заманауи сын-тегеуріндерге теңшелген көзқарастардың қажеттілігін атап өтіп, өзара тиімді даму жолындағы қадамдарды келісті.
Мұрат Нұртілеу өз сөзінде өңірдегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін шешуші салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту қажеттігіне назар аудара отырып, «Орталық Азия – Қытай» көпжақты форматын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Форматымыздың «Орталық Азия +» тетіктері арасында флагманға айналуы, ал көшбасшылардың алдағы кездесуі мәңгілік достық пен өркендеудің жаңа кезеңіне қадам басу үшін барлық жағдай жасалуда», – деді Қазақстан СІМ басшысы.
Отырысқа қатысушылар жаһандық сын-қатерлер жағдайында сындарлы диалогты жалғастырудың, байланыстарды дамытудың және басым бағыттар бойынша күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығына назар аударып, осы форматтағы тұрақты кездесулерге дайын екенін білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша сыртқы істер министрлері Ақпараттық коммюникені қабылдады, онда «Орталық Азия – Қытай» форматы шеңберінде тату көршілік, орнықты даму және көпжақты өзара іс-қимылды тереңдету қағидаттарына ортақ міндеттеме бекітілді.