Қоғам • 26 Сәуір, 2025

Туған өлкеге аттанған тарту: Белгілі кәсіпкер Абай облысына 14 мыңнан аса кітап сыйлады

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі кәсіпкер Дулат Тастекей Халықаралық кітап күні қарсаңында «Артық білім – кітапта» атты ерекше бастамаға ұйытқы болды.

Туған өлкеге аттанған тарту: Белгілі кәсіпкер Абай облысына 14 мыңнан аса кітап сыйлады

«Assyltas» қоғамдық қорының негізін қалаған азамат өзінің туған өңірі – Абай облысына 14 мыңнан астам кітапты сыйға тартты. Енді осы өңірдегі 233 мектептің әрқайсысы 60-тан аса таңдаулы көркем және танымдық туындыларды ала алады.

Осылайша, Дулат Тастекей өзге өңірлердегі меценаттарды бұл ағартушылық челленджді жалғастыруға шақыра отырып: «Артық білім – кітапта» акциясы – бұл ағартушылық эстафета. Біз еліміздің басқа өңірлеріндегі жомарт жандар мен кәсіпкерлерге, жүрегі ел деп соққан барлық азаматқа үндеу тастаймыз. Келіңіздер, өз облыстарыңыздағы мектептерге де осындай кітап тарту дәстүрін бастайық. Себебі кітап оқитын бала – ертең елдің тірегі, ал кітапты құрметтеген халық – мәңгі жасайтын ұлт», деді Дулат Тастекей.

Құнды кітаптарға толы үлкен жүк көліктері Алматы қаласынан шығып, Абай облысының Аягөз қаласына бет алды. Бұл кітаптар мектеп кітапханашыларына салтанатты түрде табысталды.

Жобаның басты мақсаты – отандық оқушыларды кітап оқуға шабыттандыру, кітапты күштің, ойдың және тілдің қайнар көзі ретінде қайта жаңғырту.

«Артық білім – кітапта» жобасы «Assyltas» қорының түпкі мақсатына толық сәйкес келеді. Әу бастан, қордың көздеген мақсаты – еліміздің ауылдық аймақтарындағы әрбір балаға білім алуда, рухани және зияткерлік тұрғыдан тең мүмкіндік жасау болатын.

Жоба ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналады және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен Абай облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр.

 

АЛМАТЫ