
Суретті түсірген – Жұмабай МҰСАБЕК
Өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту мақсатында қаладан бөлек, шалғайда жатқан ауылдарға медицина нысандарын салу қолға алынды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, оған қажетті мамандарды алдыру мәселесі де жолға қойылып келеді. Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылында 250 орынға арналған емхана, Көксу ауданына қарасты Ақшатоған, Еңбекшіқазақ ауылдарында, Алакөл ауданына қарасты Қамысқала ауылында, Панфилов ауданына қарасты Шежін ауылында 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, Сағабүйен ауылында дәрігерлік амбулатория, Алтынарық ауылында медпункт салынған. Сол сияқты 58 блок-модульді кешен орнатылған. Соның ішінде республикада тұңғыш рет Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында, Жаркент қаласында блок-модульдік конструкцияны қолдана отырып тұрғызылған жедел және шұғыл медициналық көмек қосалқы стансасы да бар. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, осындай нысандар биыл тағы төрт жерде – Үштөбе қаласында, Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында, Көксу ауданының Балпық би ауылында, Текелі қаласында бой көтереді.
Оған қоса «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы шеңберінде 15 нысанның құрылысы аяқталып, тағы 44-інің құрылысы жалғасып жатыр. Үштөбе қаласында демеушілер есебінен 50 орындық дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Үш жыл ішінде 7 нысанға күрделі жөндеу жүргізілсе, биыл тағы 7-еуі күрделі жөндеуден өткізіледі. Қабылданған осындай шаралардың арқасында денсаулық сақтау саласында бейімделген ғимараттардың саны 209-дан 127-ге қысқарды. Сондай-ақ биыл бейімделген немесе жалға алынған ғимаратта отырған 72 медициналық мекеме үшін жаңа нысандар салынып, жабдықтау жоспарланған. Оған қоса биыл Талдықорғанда инвестор компанияның қаржысына 200 орынды заманауи онкологиялық диспансердің құрылысы басталады.
Облыста медициналық кадрлар жетіспеушілігі мәселесін шешуге де ерекше көңіл бөлінген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес республикада алғашқы болып өңірдегі ауылдық жерге жұмысқа келген дәрігерлерге 10 млн теңгеден, қалалық жерге 5 млн теңгеден бір реттік көтермеақы беру жүйесі енгізілді. Осы мақсатқа 2024 жылы жергілікті бюджеттен 495 млн теңге бөлінген. Көтермеақы 75 дәрігерге төленіп, оның 24-і ауылдық жерде, 51-і қалалық жерде жұмыс істеп жатыр. Осындай шаралардың арқасында облыста кадр тапшылығының саны 202-ден 161-ге, яғни 20,3%-ға төмендеген.
Ауылдық жерге келген дәрігердің бірі 17 жылдық еңбек өтілі бар хирург Нұрмұхамед Байжанов Қабанбай ауылындағы Алакөл аудандық орталық ауруханасының бөлімшесіне жұмысқа орналасқан.
«Жұмысымыз жоғары жауапкершілікті талап етеді. Кішігірім жарақатты қоспағанда, күніне 2–3 күрделі операция жасалады. Басты міндетіміз – адамдарға көмектесу. Менің балалар хирургі, травматологі, ортопеді, урологі бағытында төрт сертификатым бар. Сондықтан емізулі жастағы нәрестеден бастап, түрлі операциялар жасай аламын. Бөлімде кез келген ауруханада бола бермейтін лапароскоп құрылғысы бар. Мұндай заманауи медициналық жабдықты пайдалану жұмысымызды едәуір жеңілдетіп, науқастың операциядан кейінгі оңалту үдерісін жеделдетеді», дейді маман.
Жалпы, облыстағы медицина нысандарының базасында кардиохирургия, онкология бойынша күрделі операция жасалып жатыр. Облыстық кардиологиялық орталықта бүгінде жоғары технологиялы медициналық көмектің 20 түрі көрсетіледі. Өткен жылы мұнда 380 операция жасалған. Атап өтерлігі, клиникада жасанды интеллекті бар жүрек ресинхрондау терапиясы қолданылады. Сол сияқты биылдан бастап кардиохирургиялық операция балаларға да жасала бастады.
Бұл ретте Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта 2023 жылы ашылған «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығын да атап өтуге болады. Инновациялық орталықта нейро-ортопедиялық аурулары бар, оның ішінде церебралды сал ауруы бар балаларды оңалтудың әлемдік үздік әдістемелері мен заманауи тәсілдері енгізілген. Нысан 2023–2024 жылдары 215 балаға оңалту шараларын жүргізсе, биыл жыл басынан бері 51 баланы қабылдады.
Үш жыл ішінде медициналық мекемелерді қажетті құрал-жабдықпен қамту деңгейі 93%-ға жетті. 2022–2024 жылдары 133 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, көпшілігі ауылдық жерлерге жіберілді, биыл тағы 29 санитарлық көлік алынады деп жоспарланған.
Бүгінде Алакөл ауданының шалғай елді мекендерінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 9 медициналық мекеме салынып жатыр. Олардың жартысы жаңа көлікпен қамтамасыз етіледі. Облыстағы 15 нысан дайын тұр. Олардың тек аумақтарын абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Көлбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны тәулік бойы жылытуға тура келеді. Өйткені жылу мұнда ұзақ уақыт сақталмайды. Сол себепті тұрғындар елді мекенде жаңа аурухана салу қажеттігін бірнеше рет көтерген. Қазір бұл мәселе шешілді. Өткен күзден бастап мұнда жаңа амбулатория салынып жатыр.
«Округте 3 мыңға жуық тұрғын бар. Жаңа ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көршілес Қызылқайың ауылында медициналық пункт салынып бітті. Ақжар ауылының жаңа фельдшерлік-акушерлік пункті мен дәрігерлері пайдалануға берілуін күтіп отыр», дейді Көлбай ауылдық округінің әкімі Ержан Шакеров.
Фельдшерлік-акушерлік пункттің меңгерушісі Галина Сержантова бұл жерде барлық кабинеттің жұмыс істейтінін айтады. Онда денсаулығы сыр берген барлық адамға көмек көрсетіледі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, тағы 18 нысанды сәуір айының соңына дейін тапсыру көзделіп отыр. Қалған 26 медициналық мекеменің құрылысы мемлекеттік резерв қорынан қаражаттың түсуіне қарай аяқталады.
Жетісу облысы