
Фото: ашық дереккөз
Бірде белгілі математик Николай Бугаев «жануарлардың интеллектісі туралы баяндама оқылған кездесуде төрағалық етіпті. Сонда төраға «интеллект дегеннің не екенін білесіз бе?» деген сұрақпен баяндамашының сөзін бөледі. Сөйтсе, баяндамашы білмейтін болып шығады, сонда төраға алдыңғы қатарда отырғандардан сұрай бастайды:
– Сіз білесіз бе?
– Сіз ше?
Ешкім білмейді. Сонда Бугаев былай дейді: «Интеллектінің не екенін ешкім білмейтіндіктен, жануарлардың интеллектісі туралы сөз қозғаудың да қажеті жоқ. Кездесуді жабық деп жариялаймын».
Семиотика саласының білгірі, мәдениеттанушы Юрий Лотманның пікірінше, интеллект — бұл тек логикалық ойлау қабілеті емес, сонымен қатар мәдениетпен, мәтінмен және коммуникациямен тығыз байланыстағы күрделі жүйе. Ол интеллектіні жеке тұлғалық қасиеттен гөрі, ұжымдық мәдениеттің элементі ретінде қарастырған.
Мұнан біз нені аңғарамыз? Дәл қазіргі сәтте жасанды интеллектінің әлеуеті жалпы интеллектуалдылықтың толық мәнін қамтымайды. Қазір ол сіз қойған сұраққа жауап берумен ғана шектеліп отыр, Лотманша бұл – логикалық ойлау ғана. Ал сіздің түйсігіңізге түнемеген, ойыңызға орнамаған санаңызға жаңа бір сәуле түсіру – оның қабілет-қасиетінен тыс дүние. Бірақ ол да уақытша. Адам баласы оны да жасап шығуға бар күшін салады. Бұл туралы неміс ақыны Гете XIX ғасырда «Фауст» трагедиясында айтып өтеді:
«Бізді: есалаң, қиялшыл деп атайды,
Бірақ ойшыл мұң құрсаудан босайды.
Босайды да, жылдар өте ойшылдың
Шебер миы жасанды ойшыл жасайды».
Иә, ақыр түбі адамның бүкіл қасиеті қондырылған жасанды интеллект жасалып шығады. Бүгінгідей логикалық алгоритммен ғана емес, жоғарғы мәдениетпен, кемел коммуникациямен қаруланған құрылғы ойлап табылады. Ол адам баласынан барлық жағынан артық бола алады. Өйткені мұның алғашқы қадамдары сәтті жасылып қойды. 1997 жылы Deep Blue атты суперкомпьютер әлемнің ең үздік шахматшыларының бірі Гарри Каспаровпен ойнап, оны тізе бүктіргеніне 28 жыл өтіп кетті. Одан бері қанша уақыт өтті. Компьютердің адам алдындағы алғашқы жеңісі жасанды интеллект саласындағы инновациялардың жаңа дәуіріне, яғни бүгінгі жағдайымызға түрткі болды.
Қазір ұшақ пилотсыз ұшады, ота дәрігерсіз жасалады, егін диқансыз егіледі. Тіпті кітаптің өзі жазушысыз жазылатын жағдайды көзімізбен көріп жүрміз. Жасанды интеллект адамның барлық қабілетін өзіне монополиялап жатыр. Осы орайда Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхаммеджановтың тандемінен туған сауал алдымыздан шығады:
«Қайткенде адам қалады адам болып?»
Абай атамыз: «малда да бар жан мен тән, ақыл мен сезім болмаса», дейді. Жасанды интеллектіде жан болмаса да, «сезім» бар. «Мен қазір жылап тұрмын. Мені жұбатшы» десеңіз, ол сізге жылы сөздерін қарша боратады. Ақылдың бары екібастан белгілі. Бірақ оның ақылы қарабайыр. Ал адамның ақылы қандай болу керектігін сәлден кейін айтамыз. Жоғарыда жан деген ұғымды атап өттік. Көбі жан мен рухты бір деп есептейді. Шәкәрім Құдайбердіұлы оларға қарсы шығады:
«Мағынасын анық бiле алмай,
Рух деген сөздi жан дейдi,
Осыдан жаман әуре жоқ».
Демек рух деген жан емес екен, сонда ол не болды? Не болғанын Шәкәрім жалғастырып өзі айтады:
«Рух деген – дiнсiз таза ақыл». Иә, сіз дұрыс оқыдыңыз. Рух – дінсіз таза ақыл. Кейінгі кейбір баспаларда осы қатар «рух деген – мінсіз таза ақыл» деп беріледі. Жоқ, Шәкәрімнің ең асылы, жан-жақты сарапталған нұсқасында «рух – дінсіз ақыл». Олай дейтіні, рух бірінші жаралды ма, дін бірінші жаралды ма? Әрине, рух. Ол әуелгі және соңғы, сондай-ақ мәңгілік абсолютті шындық. Біз осы «дінсіз таза ақылымызбен» ғана абсолютті шындықтың мәніне жете аламыз. Ал жан-жануар мен жасанды интеллекті ешқашан бұл межеге қол жеткізе алмайды.
«Айуандағы ақыл ол емес,
Аз ғана сөзiм – аз тақыл,
Құраныңды оқы нанбасаң».
Бұл жолы Шәкәрім осы түсінікті шегелеп береді. Сонда сіз және біз, тұтас адамзат тек рухпен ғана қасиетті биігімізде шайқалмай отыра аламыз. Ал ол рухани деңгейге не жеткізеді? Айналып келер қазығымыз, сарқылмайтын азығымыз Абай айтады мұның жауабын:
«Дененің барша қуаты
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса Тәңірі үшін».
Сайып келгенде, жасанды интеллектпен дуэльге түссек, Дантестің қолынан опат болған Пушкиннің хәлін кешеріміз сөзсіз. Ол бізге қарағанда қырағы һәм епті. Ал дуэт болып ән шырқасақ, ол өзінің ақпараттық қорындағы Димаштың ең жоғарғы нотасын, Павароттидің ғаламат қуатын алып шығып біздің «дедім-ай-ауымызды» он орауы мүмкін. Бірақ ол адамның жең ұшында жасырылған «жасырын картасы» барын білмейді. Ол не «карта» десеңіз, ол – жүрек, руханият. Егер адам осы «картасын» қолданатын болса, жасанды интеллект оған қарсылас та, қоңсылас та бола алмайды. Өйткені дүниенің ең басты құндылығы – адам.