Экология • 23 Сәуір, 2025

Қарт Каспийге қамқорлық қамы

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан ғалымдарының келтірген деректеріне қарағанда, Каспий теңізі деңгейі төмендеп келе жатыр. 2050 жылға қарай бұл төмендеу 33 метрге дейін жетуі ықтимал, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарт Каспийге қамқорлық қамы

Фото: Ашық дереккөз

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда Каспий теңізінің деңгейі 28,5 метрге дейін төмендеген. Бұл теңіз экожүйесі мен теңіз шаруашылығы үшін аса қауіпті. Аталған мәселеге байланысты 2024 жылы Каспий теңізі бойынша Қазақ ғылыми-зерттеу институты құрылған-ды. Алайда, қазіргі күнге дейін оның қаржыландыру мәселесі шешілмеген. Демек, аталған институт өз жұмысын толыққанды бастай алмай отыр.

«Біз Қаржы министрлігіне 2025 жылға арналған республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлу туралы өтініш жолдадық. Бұл қаражат институттың жұмысын бастауға қажет», дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошұрбаев.

Министрліктің дерегінше, көрсетілген қаржы институттың ағымдағы шығындарына, ғимаратын жөндеуге, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсалуға тиіс.

«Құрылымның құқықтық құжаттары әділет органдарына тіркеуге жіберілді. 2024 жылдың 6 желтоқсанында Каспий теңізі институты Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына берілді», дейді Ошұрбаев.

Институттың кеңсесі Ақтау қаласында орналасады. Институт әкімшілігіне Маңғыстау облысы әкімдігі жалпы аумағы 1 640 шаршы метр болатын ғимарат бөлген. Белгіленген жоспар бойынша онда 91 қызметкер жұмыс істемек.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы қорғалатын аймақтар бойынша экологиялық картасы әзірленіп жатыр. Бұл карта мұнайдың төгілуінің алдын алу және оның салдарын жою шараларын жоспарлауға, биоалуантүрлілікті сақтау стратегиясын әзірлеуге арналған маңызды құрал болады деп күтіледі.