Тағзым • 23 Сәуір, 2025

Әдебиеттің Әкімі

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көзінің тірісінде әдебиеттің Әкімі атанған көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Үртайұлы Тарази бақиға озды. Ұлт әдебиетінің, киносы мен драматургиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлғаның соңында әлемдік рухани қазынаға айналған мол мұра қалды.

Әдебиеттің Әкімі

Туған елінің жоғын жоқтап, рухын көтеру жолында тер төкті. Қа­ламынан туған алғашқы шығар­маларынан бастап кейінгі туындыларына дейін өзекті тақырыпты көтерді. Ұлт мінезін, әлеумет мәселелерін терең толғаған ең­бектері бірнеше буынның рухани жан азығы ре­тінде сана-сезіміне қозғау салды. Ұлт руханиятын жетілдірді.   

Әкім Тарази алғашқы еңбегі «Құйрықты жұлдыз» повесінің өзімен-ақ әдебиет ауылына именбей енгенін оқырман жақсы біледі. Одан беріде тынымсыз еңбек пен асқан қарым-қабілет арқасында «Үлкен ауыл» (1968), «Асу-асу» (1970), «Көкжиек» (1980), «Басынан Қаратаудың» (1984) повесть-әңгімелері ұлт әдебиетінің қоржынын еселей түсті. «Бұлтқа салған ұясын» атты тұңғыш романы жоғары бағаланып, оқырманның көңі­лі­нен шықты. «Тасжарған», «Кен», «Жаза», «Шер», «Ма­хаб­­бат жыры», «Қиянат» сын­ды романдары қазақ әдебиетінің шоқ­тықты шығармалары қата­рына қосылды. Алтын қорда сақ­талған «Тұлпардың ізі», «Арман атаман», «Қараш-қараш», «Мұс­тафа Шоқай» сынды кинотуын­ды сценарийлерінің ­авторы Әкім Таразидің жүріп өткен жолы – ұлттың көшелі мұратын түгендеген қыруар еңбек пен өтелген борыштың жолы.

Дүниеде әдебиеттің даңғыл бозы, ұлтының ұлықты ұлы атану – таңдаулы тұлғалардың еншісіне жазылған бақ. Ылдидан шапса төске озған отаншыл тұлға қала­мымен ғана емес, болмыс-біті­мімен қоғамдық жиындарда да қайраткерлік қырынан танылғанын біле­міз. Кеңес жүйесін сілкіп алған Желтоқсанда да би­лікті мысымен жасқаған тұлға­ның рухы пейіште шалқысын.

 

«Egemen Qazaqstan»  қаламгерлері