
Сурет: freepik.com
Қазір алқабилер соты адам саудасы, кәмелетке толмаған адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптау, алкоголь, есірткі немесе масаң күйде көлік жүргізіп нәтижесінде адам өліміне әкеліп соққан аса ауыр қылмыстарды қарауға қатысады. Осылайша, 2024 жылдың басынан бастап алқабилер қарайтын қылмыстық істердің саны 44 құрамға көбейді. Енді олар тек аса ауырларын емес, ауыр, орташа ауыр қылмыс түрлерін де қарайды.
– Алқабилердің сот үдерісіндегі үлесі өте зор. Оларға жүктелген міндеттің салмағы да ауыр. Іс қаралып, шешім шығарарда кеңесу бөлмесінде судьямен қоса 10 алқаби шешім шығарады. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласында ашу үстінде қызуқандылықпен жәбірленушінің сол жақ жүрек тұсынан екі мәрте ас үй пышағымен соққы жасау салдарынан қаза болғаны туралы қылмыстық істі алқабилер қарады. Осылайша, айыпталушы кінәлі деп танылып, оған 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Айта берсек, мысалдар өте көп, – дейді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Көлбаева.
Оның айтуынша, судья істi алқабилер қатысатын соттың қарауына тағайындау туралы қаулы шығарғаннан кейiн сот отырысының хатшысына саны қаулыда көрсетiлген алқабиге кандидаттарды iрiктеуге өкiм бередi. Содан соң басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн төрағалық етушiнiң өкiмiмен сот отырысының хатшысы соттағы алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімінен алдын ала кездейсоқ таңдау жүргiзедi. Осылайша, сот ісіне қатысып, өкім шығаратын алқабилер тағайындалады. Сондай-ақ кеңесу бөлмесіне бармай, сот залында ғана отыратын қосалқы екі алқаби бар.
– Егер сот талқылауы барысында, кеңесу бөлмесінде алқабилердiң бірі сот отырысына одан әрi қатыса алмайтыны немесе төрағалық етушiнің оны сот отырысына қатысудан шеттеткенi анықталған жағдайда қосалқы алқабилердiң тегi көрсетiлген билет жәшiктен қандай тәртiппен алынса, сол тәртiппен қосалқы алқабимен ауыстырылады, – деп түсіндірді А.Көлбаева.
Тараптардың бірі үкіммен келіспей, апелляцияға берген жағдай да алқабилер құрамы қайта құрылмайды. Сот төрағасының айтуынша, апелляциялық саты алқабилер қатысатын сот үкімдері мен қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған кезде үкім, қаулы шығарған соттың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның нормаларын сақтағанын тексереді. Сондай-ақ осының негізінде үкім, қаулының заңдылығы, негізділігі және әділдігі тексеріледі. Мұндай жағдайда алқабилер құрамы құрылмайды, істі апелляциялық сот алқасы қарайды.
Айта кетсек, заң бойынша 25 жастан асқан кез келген ел азаматы алқаби болуға құқығы бар. Ұлты, әлеуметтік жағдайы, діни наным-сенімдеріне шектеу қойылмайды. Бұрын сотталмаған, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде есепте тұрмаған болса – болғаны.
Егер азамат алқаби тізіміне енсе, жұмыстан уақытша босатылады. Жұмыс беруші оның жұмыс орнын сақтауға міндетті. Сондай-ақ ақысы төмен жұмысқа ауыстыра алмайды. Алқабиге қабылданған азаматқа орташа жалақысынан кем емес мөлшерде сыйақы төленеді.
Ал өткен жылдың 13 наурызында Мәжіліс алқабилердің жұмыс істеу тәртібін реттейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Егер бұл заң қабылданса, алқабилер соты бірқатар әлем елінде қолданысқа енген классикалық модель бойынша үкім шығарады. Онда 11 алқаби судьясыз шешім шығарады. Жоғарғы Сот жанындағы Халықаралық кеңестің мақсаты осы: алқабилер сотының классикалық моделін және «amicus curiae» институтын енгізуді көздейді. Мұндай классикалық модель Ұлыбритания, АҚШ, Канада, ағылшын-саксон елдерінде кеңінен қолданылады. Ал жалпы әлемде алқабилер континенталды және классикалық үлгімен айыпталушыға үкім шығарады. Сарапшылардың айтуынша, классикалық үлгі алқабилер институтының қызметіне сәйкес келеді. Судьяның араласуынсыз айыпталушыға шығарылған шешім халық қолдаған ең әділетті үкім болып есептеледі.
Ал қазір еліміздегі алқабилер сотында судья алқабилер кеңесiне басшылық жасайды. Ол талқыланған сұрақтардың жауабымен алқабилер берген дауыстарды санап отырады.