
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Биыл 295,3 мың гектар жерге – дәнді, 89,7 мың гектар жерге – майлы дақылдар, 12,2 мың гектарға – қант қызылшасы, 6,8 мың гектарға – картоп, 8,9 мың гектарға – көкөніс-бақша дақылдары және 97,3 мың гектарға мал азығы дақылы егілмек. Басқарма басшысының орынбасары Бахтияр Шампиковтің айтуынша, алқаптарды әртараптандыру аясында бидай – 2,9 мың гектарға, қант қызылшасы – 1,5 мың гектарға, дәндік жүгері 1,1 мың гектарға қысқарады. Арпа, майлы дақылдар, картоп, көкөніс-бақша дақылдары ұлғаяды.
«4,3 мың гектардың ылғалы жабылды. 0,6 мың гектарға тырмалау жұмыстары жүргізілді. Ескелді ауданында 44 гектарға масақты дәнді дақыл себілді. Жаздық ауыл шаруашылығы дақылдары тұқымын зертханалық тексеру жасалып жатыр. Көксу қант зауытына 3 080 себу бірлігі шетелден жеткізілді. Тұқымның басым бөлігі Германия, Франция, Даниядан алынды. Шаруалар үшін Көксу қант зауыты 6 080 қант қызылшасы тұқымын беруге дайын. Бұл 4 677 гектарды қамтиды», деді Б.Шампиков.
Биыл минералдық тыңайтқыштарды қолдану көлемі 58,8 мың тоннаға дейін ұлғайтылған (былтыр – 49 мың тонна). Шаруалар 29,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алды. Қоймада 5,3 мың тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 5,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айына қарастырылған 960 тонна дизель отынының 660 тоннасы шаруаларға жеткізіліпті.
«Көктемгі дала және егінді жинау жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 14,3 млрд теңге несие қарастырылған. «Кең Дала-1» және «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Шаруалар несиеге бөлінген қаржының 3,7 млрд теңгесін алып, игеруде. Бүгінге дейін 195 шаруашылықтан 4,8 млрд теңгеге өтінім қабылданып, 106 шаруашылыққа 3,0 млрд теңге несие берілді», дейді басқарма өкілі.
Жетісу облысында қант қызылшасы өндірісін қолдауға арналған жобаға Үкімет резервінен 11,1 млрд аса қаражат сұралған. Ондағы мақсат – басым дақылдар өндірісін дамыту арқылы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыру. Бөлінетін қаражат қант қызылшасын қайта өңдеуге жіберген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне немесе ауыл шаруашылығы кооперативтеріне субсидиялар төлеуге бағытталмақ.
Жетісу облысы