Ауыл • 23 Сәуір, 2025

Бақты ауылының болашағы қандай?

90 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Үкімет пен Парламент алдында тұрған елеулі міндеттің бірі – шекара маңындағы елді мекендерді дамытуға қатысты заң қабылдау. Мұны Президенттің өзі Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда шегелеп тапсырды. Таяуда шекара шебінде отырған ауылдарға ат басын бұрудың орайы келді. Біз Бақты ауылының іргесіне ілінгенде, күн Тарбағатай тауына келіп тірелген. Елдің шетінде, желдің өтінде қасқайып Қарабас тауы тұр. «Анау қара тау қай елге қарасты?» деп сұрадым. «Қазақстанға қарайды» деді ауыл әкімі Алмас Ахметұлы. Қазақстанды күні-түні кірпік қақпай қарауылдап тұрған, басына дулыға киген, қабағы түксиген батыр тәрізді көрінді.

Бақты ауылының болашағы қандай?

Тарихи тамыр, берік ірге

Иек артпа жерде ирелеңдеген Қытай елінің жолдары, әудем жерде жарқырап Шәуешек қаласы мен­мұн­далайды. Алаштың ұш­қыны түскен, дәні себілген тарихи мекен. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, дәл осы Бақты ауылында Алаш арыстары аялдаған, аяқ суытқан, кеңес құрған. 1918 жылдары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Райым­жан Мәрсековтердің болғанын бұрынғы қариялар айтып отыратын дейді. Олар Шәуешекте Демежан, Нұртаза үкірдайлар­мен жолығып тұрыпты. Әйгілі ән дүлдүлі, ақын, композитор, аудар­машы Әсет Найманбаев та болған. Тіпті ауылда Әсет ақын­ның қарашаңырағы әлі бар.

Үлкендердің айтысына қара­ғанда, Бақты ауылының бұрынғы атауы Көктұма екен. Патшалық Ресей кезінде де бұл жер шекара бекеті болып, осында келіп-кетіп істейтін әскерлер «Вахтаға барамыз» дейтін сөз арқылы Бахты атанып кетіпті. Кейін бұл қазақ ұғымына, тіл заңдылығына сәйкес Бақты болып өзгерген.

 

Ауылдың әлеуметтік ахуалы

Ауыл әкімдігі құрқылтайдың ұясын­дай көнетоз ғимаратта орналасқан. Елдің кіре берісіне дос сүйініп, дұшпанға айбар болар, шекесіне көк ту қадаған бір келісті ғимарат қажет-ақ.

«Бақты – шалғайдағы, шекара түбіндегі ауыл. 2 450-ге жуық жан саны, 650 түтін тұрады. Негізгі кәсіп – мал шаруа­шылығы. 36 шаруа қожалығы бар. Жеріміз біраз сортаңдау болғандықтан, егін сала алмаймыз. Аягөз – Бақты те­мір­жолы түседі деген сөз бар. Осыны еске­ріп, кейбір пайға алған жерлерді қайтарып жатырмыз. Шәуешек жағы темір­жолды шекараға дейін салып, стансасын дайындап қойды», дейді ауыл әкімі Алмас Шөшеков.

а

2006–2007 жылдары қолда­нысқа беріл­ген Бақты – Таскескен автожолының ой-шұңқыры көп, ескірген. Күн сайын ауыр жүк көліктері тынымсыз қатынап жатыр. «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметкері Сәкен Ділдахметтің айтуынша, жолға биыл орташа жөндеу жүргізілмек.

Ауылдың ендігі бір мәселесі – мектеп пен балабақша. Ауыл әкімінің айтуынша, Бақтыдағы 324 орын­дық мектепте 400 бала оқи­д­ы. Жеке ғимарат жоқ болған­дық­­тан, балабақшадағы 50 шақты бал­­дыр­ған да осы мектепке барады. Кезек күтіп тұрған балалар тағы бар. Мектептің өзі апатты жағдайда.

«Аудан қайта ашылып, кеден жұмысы кеңейгеннен шығар, ауылға жастар қайта орала бас­тады. Басқа ауылдармен салыс­тырғанда мұнда болашақ бар. Кеден бекеті жаңғыртылып жатыр. Енді теміржол тартылса деп отырмыз. Пре­­зи­дентіміз елі­міз­дің транзиттік әлеуеті жоғары деді. Рас, ары-бері өткен көлік кедендік салық төлейді. Ол рес­публикалық бюджетке түседі. Ал ауылда (сол маң­ға) тұрған орнына жер салығын төлейді. Бірақ кедендік салықтың 0,1 пайы­зы дәл сол жергілікті жерге түссе, бұл сол өңірге үлкен донор болар еді», дейді ауыл әкімі.

 

Кеден, пайдаң неден?

«Ауылды дамыту тұжырым­дамасында шекаралық аумақтарға қатысты жұмыс­тың негізгі бағ­дары айқындалған. Шет­кері жат­қан елді мекендердің ахуалы ел іргесінің бекем болуына тікелей әсер етеді. Бұл – стратегиялық ма­ңы­зы бар мәселе. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастыру керек», деген еді Пре­зидент Ұлттық құрыл­тайда.

«Бақты» кеден бекетіне бар­ғаны­мызда, Президент сөзінің мәнін ұғына түскендей болдық. Кезек күтіп кептелісте тұрған көлік қарасы көп. Қыстың қысқа күн­дерінде бұдан да көп болады дейді ондағылар. Өткізу бекетінде тұрған әскери азаматтарды да әңгімеге тартып, ондағы жұмыстың жай-жапсарын сұрадық. Айтуларынша, Бақты кеден бекеті қазір жартылай жұмыс істеп тұр. Таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді. Тәулігіне 150-дей көлік өтеді. Алда тәулік бойы жұмыс істейтін режім енгізілсе, кептеліс азаяр еді.

Үкіметтің «Өткізу бекеттерін жаң­ғырту және техникалық жарақ­­тандыру» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында 2023 жыл­ғы қаңтар айынан бері нысан­ның өткізу бекетінде құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірақ әлі толық аяқталмаған. Жуырда облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Мақаншы ауданына арнайы барып, Бақты кеден бекетінің жұмысымен танысты. Онда өңір басшысы кеден бекетіндегі жаңғырту жұмысының Қазақстан мен Қытай ара­сын­дағы сауда-саттықтың ұлғаюына тигізер әсері зор екенін айтты.

«Мақаншы – Президенттің баста­масымен ашылған, туристік, аграр­лық әлеуеті зор аудан. Ал Бақ­ты кеден бекетінің аудан эконо­­микасы үшін маңызы зор. Сон­дықтан бекеттің мүмкін­дігін кеңей­ту жұ­мысын жалғас­тыру қажет және құры­лыс жұмыс­тарын мер­зімінде аяқтау керек», деді Б.Уәли.

Біздің бір байқағанымыз, кеп­те­лісте тұрған жүк көліктері­нің жүргізушілері тазалық сақт­а­май­ды екен. Ауыл маңына қоқыс­­тарын лақтыратынын көр­дік. Ауыл­дың жанашыр аза­мат­тары оларға арнайы тұрақ қойыл­са, ол тұрақ ақылы болса, түс­кен ақы жергілікті жердің бюд­жетіне түссе дейді. Өйткені жүр­­гізу­ші­лердің шашып кеткен жерін ауыл тұрғындары тазалауға мәжбүр.

Екі елдің өзара достық қарым-қаты­насы, бірігіп жұмыс істеуін­де шашау жоқ. Бірақ кеден жұ­мы­сында уақыт белдеуіне байланысты аздаған айырмашылық бар. Өйткені Бейжің Астанадан екі сағат алға жүреді.

 

P.S. Иек артпадан Қытай елінің Баян дейтін ауылының төбесі қылтияды. Бергі жақта қазақ елінің іргесін берік ұстап отырған Бақты ауылының түтіні будақтап, бұлтқа сіңіп жатыр. Түтіні тік ұша берсін деп тіледік.  

 

Абай облысы,

Мақаншы ауданы,

Бақты ауылы