
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
Бұл фестиваль — еліміздің мәдениет, өнер және білім салаларындағы түрлі өкілдерді біріктіруді мақсат еткен маңызды іс-шара. Бағдарлама аясында қатысушылар шеберлік сабақтарына, дәрістер мен шығармашылық шеберханаларға қатыса алады. Сонымен қатар көрермендер дизайнерлер, суретшілер, иллюстраторлар туындыларынан құралған көрмелер мен қолөнершілердің жәрмеңкесін тамашалайды.
Фестивальдің негізгі мақсаты — қонақтар мен отандық көрермендерді шығармашылық индустриямен жақынырақ таныстыру және бұл саланың өркендеуіне қолдау білдіру. Қазіргі таңда креатив саласы жаһандық деңгейде мәдени мұраны насихаттап қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және инновациялық бастамалардың дамуына серпін беріп отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне сүйенсек, креативті индустрия әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 3,1%-ын құрайды және бұл салада жұмыс істейтіндердің 6,2%-ын жастар құрайды. Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 10%-ға жетуі мүмкін. Қазақстанда болса, 2029 жылға дейін креативті экономиканың үлесі 2%-ға дейін өседі деген болжам бар.
Айта кеткен жөн, 2017 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 сәуір күнін Дүниежүзілік креатив пен инновациялар күні деп белгіледі. Бұл дата — шығармашылықтың түрлі саладағы маңызын атап өтуге арналған ерекше күн.
Фестиваль ұйымдастырушылары Қазақстанның бұл мерекеге қатысуын — мәдениет, білім және инновация саласындағы халықаралық әріптестікке бағытталған маңызды қадам деп санайды. 2026 жылы фестиваль ауқымын кеңейтіп, еліміздің барлық өңірін қамту жоспарланып отыр.