
Қандай қоғам болсын әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау ең өзекті мәселе саналады. Сондықтан да болар, мемлекетіміз азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп, дәстүрлі отбасы құндылықтарын дамытуға барынша жағдай жасап жатыр. Десе де мамандардың айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу ісінде көбіне жәбірленушілердің құқығы толық қорғалмайды. Оған себеп әкімшілік немесе қылмыстық іс тіркелгеннен кейін полиция істі қолға алғанымен, шағымданушы тарап өз құқығын қорғауға келгенде осалдық танытып, тайқып кету деректері көп. Мамандардың пікірінше, еліміздегі әйелдердің басым бөлігі балаларының әкесіз өскенін қаламайды. Толық қанды отбасын сақтап қалу үшін күйеулерінің озбырлығын кешіруге дайын.
Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығының бас инспекторы Айнаш Ғалымова осы мәселеге тоқтала келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілгенін тілге тиек етті.
«Біз көп жағдайда шағымданушы тараптың мақсаты жұбайын түрмеге қамау емес, керісінше күйеулерінің оспадар мінез-құлқын өзгерту екенін жиі байқаймыз. Сондықтан да отбасылық зорлық-зомбылықты болдырмаудың жолын іздегенде санкцияларды қатайтумен шектеліп қалмау керек. Ел азаматтарының жақсы жалақы төлейтін лайықты жұмысқа орналасуына, тұрғын үй проблемаларын шешуге, білім деңгейі мен құқықтық сауатын арттыруға, гендерлік стереотиптерден арылтуға, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған жобаларды көбейткен жөн. Сонда ғана қоғамдағы абьюзерлердің азаюына қол жеткіземіз», дейді А.Ғалымова.
Спикер елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күресетін мамандандырылған бөлімшелер құрылғанын, бұл бөлімшелер зорлық-зомбылық құрбандарын қорғау ісінде маңызды қадамдар жасап, ішкі істер органдарымен бірлесе жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
«Қазір Ақмола облысы аумағында 9 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Біз сол орталықтар арқылы тұрмыстық қиындыққа тап болғандарға психологиялық және заңгерлік көмек көрсетеміз. 2024 жылы дағдарыс орталығына 219 адам орналастырылды. Оның ішінде 67 әйел адам, 152 бала бар. Сондай-ақ қатердің алдын алу мақсатында полицейлер мыңнан аса агрессорды бақылауға алды», деді ол.
Ақмола облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығы үкіметтік емес ұйымдармен де бірлесе түрлі тренингтер, дәрістер мен консультациялар өткізген. Айнаш Ғалымова алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды үзбей жалғастыратындарын айта келіп, әрбір баланың толыққанды психикалық және тұлғалық дамуын қамтамасыз етуге тиіс екенімізге тоқталды.
«Бүгінгі таңда жаһандық әлеуметтік проблемалардың бірі балалар арасындағы – суицид. Жеткіншектеріміздің өз-өзіне қол жұмсауына отбасылық жанжал, жауапсыз махаббат, қорқыныш сезімі (қорқытып-үркіту) және белгісіз себептер әсер ететіні белгілі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында балалар арасында 13 суицид тіркелді. 2023 жылы 11 жеткіншек өз-өзіне қол жұмсаған еді. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қазір мектептерде психологиялық қызметтер құрылып, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшілері бірлесе кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қазір облыс бойынша 2028 бала – психологтердің бақылауында», деді А.Ғалымова.
Қазір Ақмола облысында педагог-психолог мамандар тапшы. Ақмола облысының орта білім беру ұйымдарының штаттық кестесіне сәйкес 543,75 педагог-психолог қызмет етуге тиіс. Оның ішінде 553 маман жұмыспен қамтылған. Яғни өңірдегі мектептер мен техникалық білім беру колледждеріне маман жетіспеушілігі бар. Спикер бұл проблеманы педагог-психологтердің жалақысын ұлғайту арқылы шешуге болатынын, биыл облыстық мәслихат сессиясына педагог-психологтердің 594,8 ставкасы үшін 1 млрд 350 млн теңге бөлуге бюджеттік өтінім берілгенін айтады.
Сонымен қатар Айнаш Ғалымова Білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерін цифрландыру мәселесіне қатысты ойын да ортаға салды. Оның айтуынша, 2024 жылдың қыркүйегінен бастап өңірдің 64 мектебі мен 2 колледжінде пилоттық режимде «HR+» психологиялық-педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі енгізілді. Бұл жүйенің тиімділігін арттыру үшін жобаның қатысушыларына әдістемелік көмек көрсететін үйлестірушілер тағайындалды. Алдағы оқу жылында жобаны барлық білім беру ұйымдарына кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып жатыр.
2024 жылдың сәуір айынан бастап өңірлік Психологиялық қолдау орталығы жұмыс істей бастаған. Орталықта сенім телефоны тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді. Спикер осы уақыт аралығында орталыққа мыңнан аса қоңырау түскенін, сұрақтар көбіне отбасылық жағдай, ата-аналармен қарым-қатынас, кәсіби күйзеліс мәселелеріне қатысты болғанын, 246 жеке қабылдау жасалып, телефон арқылы 363 кеңес берілгенін, әр бейсенбі сайын ата-аналар, оқушылар мен педагогтерге арналған тікелей эфирлер ұйымдастырылғанын, орталық мамандары «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы автоагрессивті мінез-құлықтың алдын алу бойынша әдістемелік ұсыныстар» бағдарламасын әзірлегенін мәлімдеді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен суицидті болдырмау үшін балалардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасау керек. Ақмола өңірінде оқушылардың сабақтан тыс уақытта үйірмелер мен спорт секцияларында жаттығуына да баса мән беріледі. Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша оқушылардың 96,6 пайызы қосымша біліммен қамтылған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 82 пайызды құраған. Сондай-ақ «Даналық мектебі» клубы арқылы мектеп пен ата-аналар арасында байланыс орнатылып, 117 мыңға жуық ата-ана педагогтермен бірлесе балаларының тәрбиесіне араласуына мүмкіндік алған.
«Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау мақсатында Отбасын қолдау орталықтарының көптеп ашылып жатыр. Өңірімізде «Amanat» партиясының бастамасымен жеті отбасын қолдау орталығы құрылды. Ол орталықтардың жұмысын жүргізуге 2025 жылы 115,1 млн теңге қаржы бөлінді. Мәселен, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша облыстың отбасын қолдау орталықтарына 289 азаматтан өтініш түсіп, 393 қызмет көрсетілді», деді А.Ғалымова.
Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы №256-НҚ бұйрығы негізінде Ақмола облысына қарасты Қосшы, Степногорск қалалары мен Астрахан, Атбасар, Бурабай, Зеренді, Шортанды аудандарының әрбірінде жеті Отбасын қолдау орталықтарының жанынан өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды (отбасыларды) қолдау жөніндегі 89 мобильді топ құрылған. Бүгінгі таңда мобильдік топтардың көмегін жүзден аса отбасы алып, оларға 233 қызмет түрі көрсетілген.