
Сурет: pravo.ru
Бұл – тек полицияның емес, оған жәрдемдескен кез келген азаматтың, ақыл қосқан ақсақалдардың, әр елді мекенде бірлікті сақтауға тырысқан ел ағаларының еңбегі. Ішкі істер министрлігі осы жылды «Құқықбұзушылықтың алдын алу жылы» деп бекіткені белгілі. Сол тұрғыда полиция «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, қылмысты ашып қана қоймай оның алдын алу жұмыстарын жүргізумен белсене айналысады. Аталған қағидат бойынша биыл өңірімізде «Мигрант», «Тасымалдаушы», «Анти Фрауд», «Есептегі тұлға» сияқты 15 жедел алдын алу іс-шарасы өткен.
«Наурызда Талдықорған қаласында 15 жастағы жігіт мопедпен жол-көлік апатына ұшырап, оқиға орнында көз жұмды. Кейінгі кезде осындай қайғылы оқиғалар өңірімізде көбейіп барады. Жыл басынан бері жалпы 187 жол-көлік апаты болды. 25 адам қайтыс болып, 256 адам жарақат алды. Жолдағы қозғалыс кезінде мопедтер көліктерге кедергі келтіреді. Былтыр облысымызда мопедтердің қатысуымен 32 жол апаты тіркелген. Енді сәуірдің бесінен бастап мопедтер ресми түрде тіркелу қажет. Оларды жүргізетіндер «А», «А1» немесе «В» санаты бойынша куәлік алу керек», дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Сарқытбай Құсайынов.
Өкінішке қарай, облыс көлемінде ішімдікке құмар адамдардың саны азаймай тұр. Ескелді ауданында ішімдікке сылқия тойған ер-азамат алты баласы бар әйелді ұрып-соғып өлтіргені көпке мәлім. Осы оқиғадан кейін аталған департамент өкілдері ішімдік сататын дүкендерді тексеру жұмыстарын жүргізген. Одан бөлек, соған қатысты қылмыстарды болдырмау үшін саудагерлерге түнгі уақытта тығылып жұмыс істеуге болмайтынын ескерткен. Оларға заң аясында қатал шара қолданатынын жеткізген.
«Қылмыстардың негізгі себептері – ішімдіктің тәулік бойы сатылуы. Өткен жылы алкогольдік өнімдерді сату талаптарын бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірнеше кәсіпкер айыппұл арқалады. Қоғамдағы оқыс оқиғалардың басында осы өнім тұр. Табыс көзі ретінде жақсы пайда әкелгенімен қаншама адамның өмірін құртып жатыр. Біз үнемі түнгі уақытта рейд жүргізіп, тығылып қызмет көрсететін орындарды іздестіреміз. Адамдардың бәрі бірдей түсіне бермейді. Заң бәріне ортақ, саудагер түнде ащы суды сатуға болмайды», дейді департамент басшысы.
Осыдан 5 жыл бұрын облысымызда тек Алакөл ауданындағы Жыланды ауылы ғана ішімдік сатылмайтын болса, бүгінде Панфилов ауданындағы Керімағаш ауылы Көксу ауданындағы Бозтоған, Мұқаншы, Жарлыөзек ауылдарында алкогольдік өнімдер саудаланбайды. Нәтижесінде, аталған ауылдарда тәртіп бұзушылар азайып, аса ауыр қылмыс тіркелмеген.
Қазір интернет алаяқтарына алданған тұрғындардың саны азаяр емес. Түсіндірме жұмыстарын жүргізгенімен, бәрібір жылдам ақша табуға тырысқан жұрт сан соғып қалады. Оған қоса бөтен нөмірден ақша сұрап қоңырау шалса, тұтқаны алмау маңызды. Бұл жағдайда ел ішінде өршіп тұр. Сондай-ақ мал ұрлығы бойынша да түйткілдер көп. Жетісуда көбіне ірі қара өрістен жоғалады екен. Оған басты себеп, ауылдағы жұрт малды қараусыз қалдырады. Сондықтан көп жағдайда тәртіп сақшылары ұрыны таба алмайды.
«Тағы бір өзекті мәселе – есірткінің тарауы. Әсіресе «синтетикалық» түрі өршіп тұр. Былтыр дәл осы санат бойынша 149 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 76-сы Талдықорғанда болды. Облыс бойынша 700 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. «Үш есірткі зертханасының жолы кесілді. Ұсталғандар шетелдің азаматтары екені анықталды. Қандайда бір күдікті әрекет байқасаңыз, бізге қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірсеңіздер болады», дейді С.Құсайынов.
Бұрынғыдай емес, қазір өңірде бейнебақылау камералары көбейген. Әсіресе бақылау нысанын ауылдық жерлерге орналастыру қолға алынып жатыр.