Аймақтар • 18 Сәуір, 2025

ШҚО-да балық аулауға тыйым салынды

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі уылдырық шашу кезеңінде еліміздің бірқатар су айдындарында, соның ішінде Шығыс Қазақстан өңірінде балық аулауға уақытша тыйым салынды. Бұл туралы ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Әміров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО-да балық аулауға тыйым салынды

Бұл шектеу шаралары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті ұйымдастырып отырған жылдағы «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы аясында жүзеге асып отыр. Атап айтқанда, Зайсан көлінде және Қарақастан бірінші Батин шоқысына дейінгі Бұқтырма су қоймасының көл-өзен бөлігінде 16-сәуiрден 30-мамырға дейін, бірінші Батин шоқысынан Бұқтырма су қоймасына дейiн Бұқтырма су қоймасының терең бөлігінде 1-мамырдан 15 маусымды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салынады.

Бұған қоса, Өскемен су қоймасында, Ертіс өзені Өскемен су электр стансасынан Шүлбі су қоймасына дейін 10-мамырдан 10-маусымды қоса алғандағы, Шүлбі су қоймасында, Ертіс өзенінде Шүлбі СЭС-нан Павлодар облысының әкімшілік шекарасына дейін 16-сәуірден 30-мамыр аралығында балық аулауға болмайды. Бұл шектеулер табиғи көбею үдерісін сақтау үшін енгізіліп отыр.

Мұндай кешенді шаралар Қазақстандағы балық шаруашылығын жүйелі дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатпен тығыз байланысты. Себебі, табиғи су айдындарындағы балық қоры шектеулі болғандықтан, қазіргі таңда мемлекет пен сала мамандары жасанды балық өсіруге бет бұрып отыр. 

Осы мақсатта 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, нәтижесінде көптеген шаруашылықтар аква өсірумен айналыса бастады. Мәселен, 2024 жылдың өзінде Ертіс бассейнінде 2671 тонна тауарлық балық өндірілген. Бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді.

Сонымен қатар, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіп иелеріне қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен жаңа жобаларға немесе қолданыстағыларды кеңейтуге арналған кредиттер жылдық 2,5% мөлшерімен 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұдан бөлек, азық, шабақ, дәрілік препараттар, аналық балық үйірі сияқты қажетті ресурстарды сатып алуға кеткен шығындардың 30-50%-ына дейінгі бөлігі субсидияланады.

Инвестициялық жобаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында арнайы су айдындары мен учаскелерді бекітіп беру тәртібі де қарастырылған. Осылайша, табиғи және жасанды су қоймаларында торлы қоршаулар орнату арқылы балық өсіру кеңінен дамып келеді.

Шығыс Қазақстан облысы