
Екі күнге созылған ауқымды іс-шарада мазмұнды әрі мағыналы тақырыптар қаузалды. Әсіресе форум барысында климаттың өзгеруі мен геосаяси тұрақсыздық сияқты әлемдік мәселелердің қозғалғаны қуантады. Бұл медиа тек ақпарат тарату құралы ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастырып, тұрақты даму мақсаттарына үлес қосатын күш екенін көрсетеді.
Бүгінде жасанды интеллект пен үлкен деректер (Big date) медианың келбетін түбегейлі өзгертіп жатыр. Тіпті әлеуметтік желілердегі ақпарат, пікір тұтас мемлекеттің халықаралық бейнесіне әсер етіп отыр. Демек бізге бұл құралдарды тиімді әрі саналы пайдаланатын ортақ стратегия қажет.
Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдарына жаңа технологиялардың әсері екіұдай көзқарасты қалыптастырды. Жасанды интеллект медианы жылдамырақ, тиімдірек және көп аудиторияны қамтитын құралға айналдырды. Мәтіндерді автоматты түрде жазу, бейнелер мен аудиоларды талдау, тіпті deepfake секілді технологиялар контент өндіру жылдамдығын бірнеше есеге арттырды. Бірақ бұл жерде сапа мен этика мәселесі өзектене түседі. Технология бәрібір ойлану, сырласу, тілдесу сияқты адами қарым-қатынасты орната алмайды.
Аудиторияның да мінез-құлқы өзгерді. Қазіргі көрермен немесе оқырман жаңалықты дәстүрлі БАҚ-тан емес, көбіне әлеуметтік желі арқылы оқиды. Бұл контентті ұсыну форматы мен тарататын платформасының маңыздылығын арттырды. Десек те дәстүрлі басылымдар трансформацияланып жатыр. Мысалы, бізде екі облыстық газет пен бір журнал бар. Әлеуметтік желілердегі белсенділігімізден бөлек, YouTube платформасында да подскаст шығарып, ақпарат таратамыз.
Қазіргі таңда жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қанша қарқын алып жатса да, дәстүрлі баспасөздің маңызы мен қажеттілігі өзектілігін жоймайды. Қайта халықпен тығыз байланысын арттыра отырып, жаңа заманға бейімделді. Сол себепті біз де ақпарат майданындағы жұмысымызды жалғастыра береміз.
Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры