Форум • 18 Сәуір, 2025

БАҚ – қоғамның ажырамас бөлігі

0 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елордада екі күнге созылған IІ Ор­та­­лық Азия медиафорумы аяқ­талды. Аймақтың медиа саласы ма­ман­дарына алыс-жақын шет мем­лекеттердің сарапшылары бүгінгінің өзекті тақырыптарын қамты­ған панельдік, нетворкинг сессия­ларымен қатар түрлі шеберлік-сабақтарын өткізді.

БАҚ – қоғамның ажырамас бөлігі

Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Этика құндылықтардан тұрады

Медиафорумның екінші күні үш түрлі шеберлік сабақтарына арналды. Ұлыбританиядан келген сарапшы Венкат Айер «Әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект дәуіріндегі медиа этика» мәселелерін қамтыса, ресейлік дата-журналист, тәуелсіз лектор Алексей Смагин «Редакциялар мен компаниялар деректерді қызықты әрі әсерлі оқиғаларды жасау үшін қалай пайдаланады?» деген зерттеуімен бөлісті. Ал «CNN International Commercial» креативті директоры (АҚШ) Иэн Макдональд белгілі бір оқиғаны тартымды етіп әңгімелеу (storytelling) аудиторияға қалай әсер ететінін айтып берді.

Бұл жиынға шақырылған спикерлерге тоқталсақ, олардың әрбірі – медиатренер, жалпы саланы меңгерген мамандар ғана емес, олар Орталық Азияның медиа саласынан хабары бар сарапшылар. Мәселен, БАҚ заңының сарапшысы, доктор Венкат Айер – ЖИ контексіндегі БАҚ этикасы туралы алғаш зерттеген ғалымдардың бірі. Оның жұмысы журналистика мен медиа тәжірибесінде ЖИ тудыратын этикалық мәселелерді қарастырады. Сарапшы-ғалымның «Азиядағы медиа этикасы: ақпарат дәуіріндегі дилеммаларды шешу» еңбегі Азия контексіндегі медиа этикасын зерттеуге арналған. Кітап журналистердің алдында тұрған қиындықтар мен бұқаралық ақпарат құралдары институттарының қоғамдық сеніміне тоқталып, тез өзгеріп жатқан медиа ландшафттағы шиеленіскен пікірталастарға баса назар аударады.

Форумда ол «БАҚ этикасы контекс­тік болуы керек пе, әлде әмбебап нормалардың орындалу мүмкіндігі бар ма?» деген сұраққа жан-жақты жауап берді, сондай-ақ дәстүрлі журна­листиканың азаматтық журналистикамен қатар өмір сүруі мәселелері жөніндегі ойын ортаға салды. Сонымен қатар пайдаланушылар жасаған мазмұн, мүдделер қақтығысы, желідегі анонимділік және қақтығыстар секілді сыртқы факторлардың журналистиканың этикалық тәжірибесіне әсерін қарастырды. Былтыр доктор Венкат Айер әлеуметтік медиа және ЖИ дәуіріндегі медиа этикасы бойынша семинарын Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының (ABU) ұйымдастыруымен Куала-Лумпурда өткізген.

Ғалымның айтуынша, этика мәсе­лесінде әр адам өз-өзіне сыни тұрғы­да қарау қажет, ал әр журналист маман ретінде өз жұмысын қоғам игілігіне қарай қаншалықты дұрыс жасап жүргенін ой елегінен өткізуі керек. Яғни журналистік қызметімен қоғамға қандай игілігін тигізіп жатыр деген секілді нәрсеге бас қатырғаны жөн.

– Заңның көрмей тұрған нәрселерін этика толтырады. Яғни заң этикаға жататын көптеген бағытты қамты­мауы мүмкін. Сол себепті заңның қам­ты­май­тын тұстарын этика ұғымы қамтуы қажет. Егер журналистер этикалық құндылықтарға негіздеп қызмет атқаратын болса, олардың жұмысы да барынша құнды бола түседі. Осы құндылықтар сақталса, ол қоғам тарапынан да жақсы жағынан қабыл­данады. «Этика мен моральдың арасында айырмашылық бар ма?» деген сұрақтар көп қойылады. Оған терең үңілудің қажеті жоқ деп есептеймін. Өйткені оған тереңірек үңілетін болсақ, философиялық пікірталасқа ойысып кетеміз. Сондықтан семинарларымды барынша теориялық емес, практикалық бағытта өткізгім келеді. Ал жалпы алғанда этика ол моральдық құндылықтармен толығады, – деді сарапшы.

 

Дата журналистиканың ерекшелігі

«Редакциялар мен компаниялар деректерді қызықты әрі әсерлі оқиғаларды жасау үшін қалай пайдала­нады?» Бұл форум аясындағы екінші шеберлік сабағы ауқымды деректерді тиімді пайдалану тәсілдеріне арналды. Ресейден келген дата-журналист, «Sigma Awards» халықаралық байқауының жүлдегері Алексей Смагин өз тәжірибесімен бөлісті.

дата

– Дата журналистика – нақты деректерге негізделген, әлі де зерттеліп, дамып жатқан сала. Алғашқы кәсіби тәжірибемді осы бағытта бастадым. Ресейдегі «РБК», «Новая газета», «Тинькофф журналы» сияқты беделді медиа компанияларда, сондай-ақ біраз халықаралық жобада жұмыс істедім. Қазіргі уақытта «Яндекстің» зерттеу тобында қызмет етемін. Біз жұмыс барысында сандық мәліметтерді жинақтап, талдап, оның негізінде объективті және аналитикалық ақпарат әзірлейміз. Мысалы, белгілі бір кезеңдегі статистиканы алып, код не алгоритмге сүйеніп түрлі үрдісті бағдарлауға, кез келген кес­те, көрсеткіштерді саралап, әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени себептерді анықтауға болады. Дата журналистика көбіне оқырманға қазіргі үрдіс таңатын жеңіл ақпарат емес, дәлелденген, негізі бар ой салуды мақсат етеді, – деді ол.

Әрі қарай спикер медиа саласындағы заманауи трендтерге тоқталып, редакция жұмысының жаңа форматын және түрлі алпауыт компаниялардың деректерді қалай қолданатынын түсіндірді. Оның айтуынша, бүгінде ақпарат әзірлеуде нейрожелілер мен алгоритмдердің белсенді енгізілуіне қарамастан, журналистикадағы адамның рөлі маңызды болып қала береді.

– Бір «Facebook» арқылы жылдың қай мезгілінде адамдардың жиі ажырасатынын немесе қарым-қатынас бастағанын білуге болады. Осындай зерттеуге көз салсақ, көпшілігінің көктемге дейін жаңа қарым-қатынас бастайтыны, ал жаңа жыл қарсаңында жиі ажырасатыны анықталған. Бір қызықты жобада адамдардың геодеректері арқылы олардың қозғалысын бақылайды. «New York Times» мұны пайдаланып, Дональд Трамптың Ақүйдегі жүріп өткен бағытын көреді. Бұл зерттеулерден байқайтынымыз белгілі бір компаниялар деректерімізді (аты-жөніміз болса да) жинап, оларды сату арқылы жарнама жасап жатыр. Мәселен, бургер сатып алсақ, сол маңдағы осы сипаттағы жарнамалар телефонымыздан шығуы мүмкін. Тағы бір мысал, зерттеушілер мыңдаған кітапты талдап, әйелдер мен еркектердің сипаттамаларында қандай стереотиптер кездесетінін білгісі келеді. Осылайша, олар мәтіндегі сын есімдердің қандай жыныс өкіліне қатысты жиі қолданылатынын анық­тауға тырысады. Нәтижесінде, бұл зерттеу әдебиеттегі гендерлік бейнелердің қалай қалыптасатынына назар аударуға мүмкіндік берді, – деді ресейлік журналист.

Оның айтуынша, дата журналистика деректерге сүйене отырып, қоғамдағы құбылыстарды терең түсіндіруге, жасырын үрдістерді анықтауға және шындықты объективті жеткізуге ықпал етеді. Алайда технологиялар тек деректерді талдауға көмектесекенімен адамның жауапкер­шілігін алмастыра алмайды.

Жиынға қатысқан Орталық Азия елдерінің БАҚ өкілдері мен республикалық, өңірлік деңгейдегі журналистерге және жоғары оқу орындарының студенттеріне бұдан өзге де тың деректер айтылды. Мәселен, сөз арасында А.Смагин өз тәжірибесінен бір мысал келтіре отырып, кейде деректерді зерттеу барысында тосын трендтердің немесе қайшылықтардың кездесетінін, олардың себеп-салдарын түсінуде жәй ғана талдау жеткіліксіз болатынын, терең сараптамалық көзқарас керек екенін жеткізді.

Жалпы алғанда, сарапшылардың айтуынша, БАҚ өкілдеріне арналған әрбір форум, түрлі жиындардан қоғам да тыс қалмауы керек. Сондықтан журналистерге арналған мұндай кездесу, сарапшылардың өткізген сабақтары, үлкен-кіші форум, конференцияларын бұқара халыққа насихаттап, жеткізуге ден қою қажет. Өйткені этика секілді қағидалар – баршаға ортақ әрі қажет нәрсе, ал журналистер – мұны қоғамға жеткізуші. Сондықтан БАҚ өкілдерінің бұл форумы қоғамға да маңызды.

 

Гүлнар ЖОЛЖАН,

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»