
Үкімет басшысына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев негізгі экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады. Жалпы, өңірлік өнім өткен жылдың соңында 2,2 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 188 млрд теңгеге жетсе, оның 122,5 млрд теңгесі өңдеу саласына тиесілі.
Премьер-министр «Алатау» индустриялық сауда логистикалық кешенін мысалға ала отырып, өңірде экономиканың жаңа өсу бағыттарын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді.
Қордай ауданында Қазақстан тарапындағы «Қарасу» және Қырғызстан тарапынан «Ақ-Тілек» өткізу бекеттеріне іргелес жатқан индустриялық сауда-логистикалық кешеннің (ИСЛК) аумағын аралады. Аталған жоба екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров қойған өзара тауар айналымын 3 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі міндеттері аясында жүзеге асырылып отыр. Еліміздің Қырғызстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рәпіл Жошыбаев пен Қырғыз Республикасының экономика және коммерция министрі Бақыт Сыдықов жүргізіліп жатқан бірлескен жұмыстар туралы айтты.
Бүгінде сүт, ет, жеміс-жидек, тоқыма, фармацевтика және басқа да өнімдер өндірісі саласындағы кооперациялық жобаларды жүзеге асырып, инфрақұрылымды қалыптастырып отыр. Жаңадан тауарлар өндіру және оларды халықаралық тауар өткізу жүйелеріне тиімді интеграциялау арқылы әрі қарай сату – басты мақсат.
«Romsey Holdings KZ» ЖШС индустриялық кешен компаниясының басқарушы директоры Абзал Мыңбаев индустриялық сауда-логистикалық кешен (ИСЛК) аумағына инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін, пластик ыдыстарды қайта өңдеу, кабельдік өнімдер мен фарфор ыдыстарын дайындайтын өндіріс орындарын ашу туралы жоспарларын баяндады. Аталған жобалар бойынша инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 40 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар ИСЛК-ті «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының қосалқы аймағы ретінде қайта ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, инвестициялық тартымдылықты арттырады.
«Мемлекет басшысы таяуда өткен кеңесте ел экономикасының өсу қарқыны мен тартылған инвестиция көлемін төмендетпеу міндетін қойды. Ауқымды индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылуы өнеркәсіптік өндірісті дамытуға, дайын өнімді өткізудің тиімді жүйесін құруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта инвестициядан бастап жеткізуге дейінгі барлық тізбек бойынша белсенді жұмыс істеу маңызды. Жобаға жәрдемдесу үшін инженерлік инфрақұрылым мәселелерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде шешу қажет», деп атап өтті О.Бектенов.
Сондай-ақ «Korcem» ЖШС цемент зауытында Премьер-министр өңірдің құрылыс индустриясының дамуымен танысты. Былтыр іске қосылған кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1,3 млн тонна цементті құрайды. Өнімдер ішкі нарықта сатылады, сонымен қатар Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдеріне экспортталады. Зауытта халықаралық стандарттарға сәйкес DCS интеллектуалды жүйесі енгізілді. Барлық технологиялық цикл механикалық үдерістерді басқаруға мүмкіндік беретін орталық басқару пультінен жүзеге асырылады.
Сонымен қатар Премьер-министрге «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағының аумағында химия, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, металлургия салаларындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ қажетті инфрақұрылымның дамуы туралы баяндалды. Мұнда барлығы 18 қатысушы тіркелген. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өңірге салынған инвестициялар көлемі 506 млрд теңгені құрады, 2025 жылы 9 жобаны салу нәтижесінде шамамен 850 млрд теңгеге дейін артуға тиіс.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жаңадан қолға алынған өнеркәсіп нысандарының, атап айтқанда, толық циклді металлургиялық кешен мен жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысының барысымен танысты. Аталған жобалар былтырғы қараша айында Олжас Бектеновтің ҚХР-ға жұмыс сапары аясында өткен кездесулер мен қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде жүзеге асырылып отыр.
Қытайлық инвестор «Fujian Hengwang Investment Co., Ltd» компаниясының қатысуымен жалпы құны шамамен 1,2 млрд долларды құрайтын еліміздегі ең ірі металлургия зауыттарының бірінің құрылысы басталды. Жобаны қаржыландыру инвестордың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Кәсіпорын арматура, созба сымдар, жолақ және профильді болат, сондай-ақ металл өнімдерінің басқа да түрлерін шығарады.
Қазақстан темір рудасының қоры бойынша әлемде 9-орын алады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, өндіріс көлемі 37 млн тоннаға жетті. Толық циклді металлургия кешенінің жаңа жобасы отандық металлургияның дамуына айтарлықтай үлес қосып, экологиялық таза технологияларды қолданудың үлгісіне айналады.
«Аталған жоба еліміздегі темір рудасын терең өңдеудің толық циклі бар қара металдар мен металл өнімдерін шығаратын ірі өндірушілердің біріне айналады. Үкімет бұл зауыттың құрылысына жан-жақты қолдау жасап, оның сәтті іске қосылуына қажетті көмек көрсетеді», деп атап өтті О.Бектенов.
Сапар аясында Премьер-министр жүгеріні терең өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаның құрылыс алаңына барды. Инвестиция көлемі 800 млн долларды құрайды. Және өндірістік қуаттылығын жылына 1 млн тонна жүгеріден әрі қарай 3 млн тоннаға дейін ұлғайта отырып, тігінен интеграцияланған өнеркәсіп паркін құру жоспарлануда.
Жобаны биоферментация индустриясындағы әлемдік жетекші қытайлық «Fufeng Group» компаниясы жүзеге асырып отыр. Өнеркәсіп кешен құрамына крахмал зауыты және үш биоферментация кәсіпорны кіреді. Зауытта лизин, глутамин, глутамин қышқылы, лейцин, треонин, жем және тағы да басқа жоғары қосылған құны бар өнімдер шығарылуға тиіс.
Өнеркәсіп паркінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін инвестор көмір жылу электр стансасы мен ағын суды тазарту стансасын салуды да жоспарлап отыр. Әрі қарай тұз қышқылы мен сұйық аммиакты қоса алғанда, химиялық компоненттер шығаратын зауытты іске қосу қарастырылғаны атап өтілді. Негізгі нысандарды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. 1,5 мыңға дейін жұмыс орнын ашу көзделген.
Премьер-министр Сарысу ауданында «Qazaq soda» ЖШС кальцийленген сода шығаратын зауыт құрылысының барысын тексерді. 42 гектар алқапта бірінші кезеңде қуаттылығы жылына 500 мың тонна өнім өндіретін өндіріс кешені іске асырылып, кейіннен 1 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Жергілікті шикізат пайдаланылатын болады. Өндіріс үдерісінде қалдықтарды нөлдік деңгейде қамтамасыз ететін технологияларды қолдану жоспарланып отыр.
Кальцийленген сода металлургия, шыны, тамақ, тоқыма және химия өнеркәсібінде, сондай-ақ тұрмыстық химия өндірісінде қолданылады. Бүгінде еліміздің содаға деген қажеттілігі жылына 350-400 мың тоннаны құрайды. Жобаны жүзеге асыру импортты толық алмастыруды қамтамасыз етуге, ТМД елдері мен Қытайға экспортты бастауға мүмкіндік береді.
Қазірде құрылыс-монтаждау жұмыстары 30%-ға орындалды, негізгі жабдықтарды жеткізу жүзеге асырылып жатыр. Зауытты пайдалануға беру 2026 жылдың тамыз айына жоспарланған. Жоба аясында 1 мың жұмыс орны, оның ішінде 400 тұрақты жұмыс орны ашылады. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 400 млн долларды құрайды.
Премьер-министр Қазақстанды әлемдегі жетекші кальцийленген сода өндірушілердің қатарына қосатын, импортқа тәуелділікті төмендететін және еліміздің химия өнеркәсібін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатын жобаны уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Еліміз аталған жобаны жүзеге асыра отырып, Қытай, Түркия, АҚШ, Ресей сияқты әлемдегі жетекші сода өндірушілерінің қатарына қосылады деген жоспар бар.
Жамбыл облысы