
Еркін сауда аймағын қалыптастырады
Отырыс барысында депутаттар «Көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы, инвестициялардың құрылуы, қызметі және жүзеге асырылуы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Талқылау кезінде айтылғандай, келісімді ратификациялау отандық көрсетілетін қызметтер экспортын әртараптандыруды, ТМД нарықтарындағы бизнестің ұстанымын нығайтуды және инвесторларға қатысты тәуекелдерді азайту үшін құқықтық негіз қалыптастыруды көздейді.
«Келісім ТМД елдерімен серіктестігімізді одан әрі нығайтуға бағытталып отыр. Бұл құжат қызмет көрсету саласында еркін сауда аймағын қалыптастыруды көздейтін ережелерді қамтиды. Сондай-ақ тараптардың инвестициялық тартымдылығын жақсартуға арналған нормалар да бар. Жалпы, заң ТМД елдері арасында сауда-экономикалық белсенділікті арттыруға және өзара инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Келісімде серіктестік нарықтарда ТМД-ға мүше елдерден көрсетілетін қызметтерді жеткізушілер үшін неғұрлым тиімді жағдайлар белгілеу, ұсыну және қамтамасыз ету тетіктері қарастырылған. Бұл экспроприациядан қорғау және капиталды еркін аудару кепілдігін қоса алғанда, инвесторлар үшін құқықтық кепілдіктер жасау мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ құжатта инвестицияларды реттейтін ережелердің болуы қатысушы мемлекеттердің қолайлы бизнес-ахуалын қамтамасыз ету үшін айтарлықтай ынталандырады, оған қоса инвестицияларды қорғау мен көтермелеу туралы қолданыстағы екіжақты келісімдерді дамытуға жол ашады.
Әуе билеттерінің құны неге қымбат?
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Депутат Сүйіндік Алдашев Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі азаматтық авиацияның проблемалары туралы жария етті. Оның айтуынша, сәуір айының басында Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшелері дөңгелек үстел өткізіп, саладағы негізгі мәселелерді талқылаған. Біріншіден, бұл – авиациялық отынның жетіспеушілігі. Отандық мұнай өңдеу зауыттары өсіп келе жатқан сұранысты жаба алмайды және айырмашылықты импорттан алуға тура келеді. Қазірдің өзінде отын тапшылығы шамамен 237 мың тоннаны құрап отыр. 2030 жылға қарай бұл тапшылық 550 мың тоннаға жетеді деп болжануда.
Отандастарымызды әуе билеттерінің бағасы да алаңдатып тұр. Депутат атап өткендей, билет құнының 36,5%-ын отын алып отыр. Техникалық қызмет көрсету – 14,9%, әуежайға қызмет көрсету – 10,7% және жолаушыларға қызмет көрсету – 6,1%. Сонымен қатар жанармай нарығына ешкім кіре алмайды, ашық емес.
«Авиаотынды сатудан түскен кіріс әуежайлардағы кірістің негізгі бөлігін құрайды. Басқа ойыншылардың осы инфрақұрылымға қол жеткізуіне мүдделі емес әуежайлар бар. Бұл авиакомпаниялар үшін отынның жоғары құнының себебі және нәтижесінде әуе билеттерінің құнына әсер етеді. Өкінішке қарай, бүгінде авиаотынды сату мен оның бағасын белгілеудің ашық тетігі жоқ, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бұл мәселені реттеуге бірыңғай көзқарасы жоқ», деді С.Алдашев.
Сенатор әуежайларды дамытуға жүйелі көзқарастың жоқтығына да тоқталды. Олардың көпшілігі жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады және шығынға ұшырайды. Инфрақұрылым тозған, жабдық ескірген және әуежайлардың жартысы шұғыл жөндеуді қажет етеді.
«Отандық азаматтық авиацияны басқарудың тиімді оңтайлы үлгісін әзірлеуді ұсынамыз. Елдегі мұнай өңдеу зауыттарында өндірісті ұлғайту мәселесін шешу керек. Авиакомпанияны авиаотынмен қамтамасыз ету жөнінде бірыңғай жүйелі тәсілдер әзірлеу қажет. Әуежайлар бейінді емес қызмет түрлерін қоспағанда, негізгі қызмет түріне назар аударуы керек. Осы саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмысты жандандыру, әуежайлардың қызметіне инвесторларды тарту жөніндегі оңтайлы тетіктерді әзірлеу маңызды», деді сенатор.
Пластик қалдықтардың 10%-ы ғана қайта өңделеді
Елімізде қоршаған ортаның пластикалық қалдықтармен ластануы мәселесінің өткір күйінде тұрғаны сенатор Ольга Булавкинаның Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалына арқау болды. Елдің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі міндеттемелеріне қарамастан, пластикті қайта өңдеу инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз, ал халықтың экологиялық мәдениет деңгейі төмен.
«Бөлек жинау инфрақұрылымының жоқтығы және халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі салдарынан пластикалық қалдықтардың тек 10%-ы сұрыпталып, қайта өңделеді. Қалғаны қоқыс полигондарына кетіп, жағылғанда метан мен басқа да зиянды газдарды бөледі. Заманауи технологияларды енгізудің қымбаттығы мен қайта өңдеу саласына инвестиция тапшылығы бұл бағыттың дамуын тежеп, полигондардың көбеюіне әкеліп отыр», деді сенатор.
Депутат сонымен қатар пластикалық бұйымдарға арналған мемлекеттік стандарттардың ескіргенін, микропластикке қатысты елеулі қауіптер барын атап өтті. Оның айтуынша, түрлі пластик түрлерін өндіру кезінде 4 мыңға жуық химиялық зат қолданылуы мүмкін, олардың шамамен 600-і адам денсаулығына қауіпті. Өз үндеуінде сенатор бұл мәселелерді шешуге кешенді көзқарас ұсынды. Атап айтқанда, эколог Евгений Мұхамеджановтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «ECONetwork» жобасының тәжірибесін кеңінен енгізу, сондай-ақ Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ студенттік стартаптарының үлгісін қолдану қажеттігін атап өтті.
«Пластик өңдеушілер үшін салықты азайтуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын, субсидиялар мен «жасыл» гранттарды, сондай-ақ өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігін қарастыратын арнайы бағдарлама әзірлеу қажет. Бұған қоса бизнес пен «жасыл» инвестицияларды тартуға басымдық беру керек. «ECO Network» пен Дәулет Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың тәжірибесі негізінде халықтың экосанасын арттыру және қалдықтар пайда болатын жерде аз көлемдегі пластикті қайта өңдеуге арналған шағын желілерді құру жөніндегі табысты жобалар мен студенттік стартаптарды кеңінен енгізу маңызды», деп ұсыныс білдірді О.Булавкина.